Sergek неге ШҚО жолаушы көлігі басқармасымен соттасып жатыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскеменде 5 жылдан аса уақыт жұмыс істеген «Сергек» камераларын орнатқан компания былтыр жазда тендерді жеңіліп қалды. Алайда бұған келіспей, олар ШҚО жолаушы көлігі басқармасын сотқа берді. Kazinform тілшісі мәселенің мәнісіне үңіліп көрді.

Сергек камералары
Фото: ШҚО полиция департаменті

«Ескі камераларды ғана қалдырып кетті»

Өскеменде 2018 жылы бейнебақылау камераларын Sergek Group компаниялар тобына қарасты «Көркем Телеком» ЖШС орната бастады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Өскемендегі қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесін құру» жобасын іске асырған компания Шығыс Қазақстан облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен, полиция департаментімен 5,5 жылдық шарт жасасқан болатын. Осылайша, қала бойынша 1 700 қоғамдық қауіпсіздік камералары мен 1 228 жол қауіпсіздігі камераларын орнатты.

Шарттың қолданылу мерзімі 2024 жылдың 26 сәуірінде аяқталған. Ал одан бірнеше апта бұрын, нақты айтқанда 4 сәуірде ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Өскемен, Риддер, Алтай қалаларында қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесін кеңейту және жаңарту бойынша мемлекеттік қызметтерді сатып алуға конкурс жариялады. «Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры» демекші, әңгіменің бәрі осы жерден басталды.

Себебі конкурста «Көркем Телеком» ЖШС ұтылып қалды. Жеңімпаз болып «Satory Company LTD» ЖШС танылды. Бұл мәселе туралы былтырғы желтоқсан айында журналистер ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз конференциясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтан сұраған болатын.

Ермек Көшербаев
Фото: ШҚО әкімі баспасөз қызметі

— Конкурста жеңімпаз болған компания бізге қажетті қызметтердің кең спектрін ұсынды. Бірақ ең бастысы, цифрландыруға бөлінген қаржыға жасалатын аппараттық-бағдарламалық кешен мемлекет меншігінде болады. Бұл ең маңызды мәселе. Ал «Сергек» компаниясына қатысты айтар болсақ, біз оларға тендерді жеңіп алған компания жұмыс істей бастағанша жүйеге қызмет көрсетуді жалғастыра тұруды сұрадық. Сол үшін ақша төлеуге де дайын болдық. Алайда қандай да бір себептермен компания желілік жабдықтың бір бөлігін толығымен алып тастап, ешқандай байланыссыз қалған ескі камераларды ғана қалдырып кетті. Құзырлы органдарға арыз да түсіріпті. Қазір осыған қатысты сот процестері жүріп жатыр. Барлығы қолданыстағы заңнама аясында шешілуі керек, — деп жауап берді ол.

Прокуратура заңсыздықты анықтады

Осы ретте, бір маңызды жайтты айта кетуіміз керек. 2024 жылдың маусым айында ШҚО прокуратурасы тексеру жүргізіп, «Сергек» жобасын іске асыру кезінде болған заңбұзушылықты анықтады.

— Аталған жоба аясында мемлекеттік бюджеттен «Көркем-Телеком» ЖШС-мен 7 млрд теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалған. Тексеру барысында мемлекеттік қаражатты заңсыз төлеу фактілері анықталды. Жобаның құны 238 млн теңгеге еш негізсіз өскен. Прокуратура енгізген қадағалау актісінен кейін облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы негізсіз төленген шығындарды өндіру туралы талап-арыз берді, — деп хабарлады прокуратурасының баспасөз қызметінен. 

Сот шешімімен талап-арыз толық көлемде қанағаттандырылды. Ал апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот актісін күшінде қалдырды. Осылайша, «Көркем-Телеком» ЖШС мемлекеттік бюджетке 238 млн теңгені қайтарды. Бұл «Сергек» компаниясы мен басқарма арасында бәрі заңға сай болмағанын көрсетті.

Компания мәлімдеме жасады

Ермек Көшербаевтың баспасөз конференциясында «Сергек» компаниясы жайлы айтқанынан кейін республикалық БАҚ-тарда бұл туралы жаппай жазылып жатты. 2025 жылдың 10 қаңтарында Sergek Group компаниялар тобы ресми мәлімдеме жасады.

— Компаниямыз бен Шығыс Қазақстан облысындағы «Sergek» жобасы туралы көптеген жарияланымдар мен жалған ақпараттың таралуына байланысты жағдайды ресми түрде түсіндіруді жөн деп санаймыз. Шарттың қолданылу мерзімі 2024 жылдың 26 сәуірінде аяқталды. Жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін 2 айға қысқа мерзімді келісім жасалды. Біздікі секілді қалалық қауіпсіздік жүйелері ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне (АКИАМО) жататынын және оларға әртүрлі уәкілетті органдар, соның ішінде ҚР ҰҚК жетекшілік ететінін атап өткен жөн. Мұндай жүйелерге қызмет көрсету үшін қолданыстағы шарттар немесе келісімшарттар болуы қажет. Өңірде шарт аяқталғанға дейін біз мемлекеттік әріптестерімізге негіздің жоқтығынан жүйеге қызмет көрсетуді тоқтатуға мәжбүр болатынымыз туралы және шаралар қабылдау қажеттілігі жайлы бірнеше рет хабарладық, — делінген компания сайтына жарияланған хабарламада

Сондай-ақ Sergek Group компаниялар тобы ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жариялаған жаңа конкурстағы бұзушылықтардың салдарынан әлеуетті жеткізушілердің саны шектелгендігін мәлім етті.

— Конкурс мұндай жобаларды іске асыруда тәжірибесі жоқ «Satory Company LTD» ЖШС пайдасына аяқталды. Кейінгі аудит нәтижелеріне сәйкес, «Satory Company LTD» және «RGM Global Group-қа» конкурсқа қатысу жөнінде берілген рұқсаттарда бұзушылықтар анықталған. Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мен ҚР Қаржы министрлігі жанындағы Апелляциялық комиссия секілді уәкілетті органдар екі компанияның да конкурсқа жіберілгенінің және «Satory Company LTD» ЖШС мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы деп танылғанының заңсыз екендігін растады. Қазіргі уақытта «Көркем Телеком» ЖШС конкурстық құжаттаманы жарамсыз деп тануға және конкурс нәтижелерінің күшін жоюға қол жеткізбекші, — делінген мәлімдемеде.

Басқарма басшысы не дейді?

Компанияның жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына «өкпелері қара қазандай» екен. Енді олар өз дұрыстығын сот арқылы дәлелдемек. Ал бұл мәлімдемеге басқарма басшысының берер жауабы қандай? Осыны білу үшін Kazinform редакциясы атынан сауалхат жолдадық.

— «Көркем Телеком» ЖШС 2024 жылдың 8 қарашасында ШҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына конкурстың қорытындыларын жою, конкурстық құжаттама мен келісімшартты заңсыз деп тану, орындалуын тоқтату және жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Satory Company LTD» ЖШС арасындағы келісімшарттардың күшін жою туралы әкімшілік талап арыз берген. 22 қарашада ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына да талап арыз жазды. Қазіргі уақытта сот процестері жалғасуда. Мемлекеттік мекеме жоғарыда көрсетілген сот органдарының шешімін күтеді және нәтижесі бойынша заң аясында шара қолдануы мүмкін, — дейді ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.

Осы ретте, басқарма мен «Satory Company LTD» ЖШС арасында қандай келісім жасалғанын, Өскеменде алдағы уақытта қанша жаңа камера орнатылатындығын да сұрадық.

— Конкурсты жеңіп алған компаниямен жасасқан мемлекеттік сатып алу келісімшартының құны 11,3 млрд теңгені құрайды. Соның ішінде 2024 және 2025 жылдары 3,9 млрд теңгеден, 2026 жылға 3,4 млрд теңге бөлу қарастырылған. Жаңа жоба аясында Өскемен, Риддер, Алтай қалаларындағы бейнекамералар саны 5,8 мыңға дейін жеткізіледі. Кем дегенде 300 бейнебақылау камерасы үшін жасанды интеллектуалды аналитиканы қосу және конфигурациялау жоспарланған. Жаңа келісімшартта бірнеше автокөлікті бір уақытта түсіре алатын жетілдірілген радиолокациялық өлшеу әдісіне қойылатын талаптар бар. Сонымен қатар, осы радиолокациялық әдіс «Сергек» талап еткендей, камераның жағдайын үнемі бақылауды қажет етпейді және оған техникалық қызмет көрсету шығындарын азайтады, — деп жауап берді Н.Жұмаділов.

Түйін

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы конкурстың талапқа сай өткенін, жеңімпаз атанған жаңа компаниямен жұмыс істеу «Сергекке» қарағанда тиімді екендігін мәлім етсе, Sergek Group компаниялар тобы басқарманың заңға қайшы әрекет етіп отырғандығын алға тартып, шайқаспай беріспейтіндігін көрсетіп отыр. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екендігін алдағы уақытта сот шешеді. Мәселе редакция тілшілерінің назарында болмақ.

Еске салсақ, осыған дейін Өскемен тұрғыны ШҚО әкімін сотқа бергені хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар