Павлодарға шыбын-шіркейді әуеден улайтын 8 ұшақ ұшып келді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Олар Ертіс өзені жайылмаларына биологиялық препарат шашып, қансорғыш жәндіктерді жояды. Биыл облыс бойынша әуеден өңделетін алқаптың көлемі - 127 мың гектар.


Өңірге шыбын-шіркейге қарсы күреске жұмылдырылатын 8 әуе борты келді. Олардың екеуі Павлодар қаласының алқаптарын және Павлодар ауданының солтүстік бөлігін қамтиды. Тағы 2 борт Ақсу жайылмасын және Павлодар ауданының оңтүстік бөлігіне бағытталады. Бір-бір борттан Ақтоғай, Тереңкөл, Павлодар және Ертіс аудандарына жіберіледі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов хабарлағандай, өткен жылы мамандар шыбын-шіркейге қарсы әуеден өңдеу жұмыстарының тиімділігін 94%-ға бағалады. Биылғы жылы ғылыми сүйемелдеу тобының ұсыныстары бойынша өңделетін алқаптың аумағы 55,5 мың гектарға ұлғайтылды.
Қосымша Павлодар және Ертіс аудандары қамтылып, әуеден өңделетін алқаптың көлемі 127 мың гектарды құрады.

Ғалымдардың сөзінше, жайылмадағы таяз суда жәндіктердің дернәсілі тез жетіледі. Су температурасы 18 градусқа жеткенде дернәсілдер белсенді бола түсіп, тез дамиды. Осы уақытта өңдеу шаралары басталып кетуі керек. Әзірше жайылмалардағы судың температурасы 10-11 градустан аспай тұр.
Өзенді өңдеу жұмыстарының болжамды мерзімдері анықталды. Бірінші кезең 16-17 мамырда басталса, екініш кезең 26-27 мамырда, ал үшіншісі 10-15 маусымға жоспарланған. Бұған қоса Ертіс өзінінің Белая, Подстепка, Теплая, Түлкі, Таллинка, Каратунь, Орлавка тармақтары және облыс орталығы мен Ақсу қаласының маңындағы ағыстар әуеден өңделеді.
Еске сала кетейік, Елордада маса мен шыбын-шіркейге қарсы күрес басталды.


