Павлодарлық дәрігер: Әйел бақытының ғажабы – бала сүю

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Инесса Высоцкаяны Ертіс-Баян өңіріндегі аналардың көбі «кіндік шешеміз» деп мақтан тұтады. Ақ желеңді абзал жан ауруы асқынып алдына келген мыңдаған анаға ота жасап, сәбилерінің өмірін құтқарып қалған. Әріптестері оны өз ісінің маманы ретінде құрметтейді.

Павлодарлық дәрігер: әйел бақытының ғажабы – бала сүю
Фото: Инесса Высоцкаяның жеке мұрағатынан

Инесса Валерьевна 1997 жылы Семей мемлекеттік медициналық академиясын тәмамдаған соң туған қаласы – Павлодарға оралуды жөн деп шешті. Мұнда бірден аналарды босандыру қызметіне араласып, перзентхана ісін тәжірибе тұрғысынан меңгере бастады. Бүгінде бұл қызметте қатарынан 28 жыл еңбек етіп жатыр. Қазіргі қызметі – өңірлік перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары.

- Перинаталдық орталық – қатерлі топтағы жүкті әйелдерге босану үстіндегі, босанғаннан кейінгі кезеңдерде жоғары маманданған акушерлік-гинекологиялық және неонатологиялық көмек көрсететін, сонымен қатар, шала туған нәрестеге күтім жасайтын еліміздегі ең ірі мекеменің бірі. Кез келген отаның түрін жасауға мамандандым. Ауруы асқынған, іштегі сәбиінің патологиялық белгілері бар аналар үзбей түсіп жатады. Олардың барлығына көмек көрсету, жанына сүйеу болу, өзінің және сәбиінің өміріне араша түсу – күнделікті жұмысымыздың басты миссиясы, - дейді өз ісінің маманы.

Әріптестері Инесса Валерьевна үнемі алғы шепте жүретін кәсіби маман екенін айтады. Ең күрделі, көлемді оталар оған тапсырылады. Әсіресе, ана бойындағы түрлі акушерлік ауытқулар мен аурулар кезінде ота жасау – ең қиын үдеріс. Мұндай кезеңде ананың жатырымен байланысты ішкі ағзаларын сақтап қалуға көбірек көңіл бөлінеді. Іштегі сәбидің ұрықжолдасы көп жағдайда өзге мүшелерге, жатырға жабысып қалатыны бар. Кесар тілігі арқылы жасалатын ота жасау сәтінде дәрігерлер ағзаның өзге мүшелеріне мейлінше тиіспеуге, ота ошағын минимальді көлемде жасауға тырысады екен. Мұндай күрделі әрі ауыр оталарды перинаталдық орталық мамандары соңғы 15 жылда үзбей жасап жатыр.

- Әр дәрігердің өз жолы бар. Акушерлік істе әдетте өзгеріс көп бола қоймайды. Себебі аналардың табиғи босануы ежелден жалғасқан үдеріс қой. Бірақ соңғы уақыттарда аналар мен іште жатқан шақалақтардың бойында көптеген ауытқу жиі кездесуіне орай акушерлік-гинекологиялық салада көптеген ауқымды өзгеріс болып жатыр. Менің де сол тенденцияға байланысым барына қуанамын. Көптеген жаңашылдық болып жатыр. 2008 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша салмағы 500 грамм болатын балаларды босандырып алу нормасы қабылданған. Яғни ана мен баланың денсаулығына қауіп төніп тұрса, жүктіліктің 22 аптасынан бастап босандырып аламыз. Есте қалған бір жағдай, 2019 жылы салмағы 470 грамм болатын сәбиді аман-есен дүниеге әкелдік. Ол бала қазіргі уақытта аман-есен, өз қатарластарын әлдеқашан қуып жетті. Ең бастысы – сәбиді тірі алып қалу, - деп әңгімесін сабақтай түсті дәрігер.

Әлемдік коронавирус пандемиясынан кейін өзге мемлекеттер сияқты Қазақстанда да туу көрсеткіштерінің азаюы байқалады. Бірақ бұл уақытша құбылыс деп санайды дәрігерлер. Себебі кейбір жылдары жаңа туған балалардың саны бірден күрт көтеріліп кететін жайттар аз емес. Соңғы жылдары жасөспірім қыздардың босану жағдайлары да жиі тіркеле бастаған. Мемлекет бұған назар аударып, жас аналарды қолдау бағдарламаларын қабылдану үстінде.

Перинаталдық орталықтың өзі қажетті медициналық құрал-жабдықтармен 95 пайызға қамтамаз етілген. Жоспарлы көмек көрсетуден бөлек, неона­то­­­логиялық, ретинопатиялық көмек қызметтері жұмыс істеп жатыр. Шала туған балаларда көбіне өкпе жетіспеушілігі, респираторлық дистросиндром, бас сүйек ішіне қан құйылу, бронх-өкпе дисплазиясы, туа біткен пневмония, хирургиялық аурулар жиі тіркеледі. Сондай-ақ ретинопатия аурулары да жиілей түскен. Мәселе мынада, шала туған шақалақтар ұзақ уақыт өкпені тыныс алдыратын аппаратта жатқанда оттегі мөлшерінің тым көп болуынан көз жанарының тамырлары зақымданады. Сөйтіп, көз аурулары пайда болады немесе ол туа бітті пайда болуы мүмкін. Сондықтан көз дәрігерлері қажетті ем-домды жүргізіп, оталар жасайды. Неонанатологтар шала туған балаларды күтеді. Шала туған балаларда байқалатын дерттің барлығы уақытша кезеңде байқалатын аурулар, оларды өсе келе түзеп, емдеп жіберуге болатынын жеткізді маман.

Сөз соңында Инесса Валерьевна әр медицина қызметкерінің мақсаты адамдарға қызмет ету екенін еске салды. Ал әйел бақытының ғажабы – бала сүю. Ал перинаталдық істе жылдам ойланып, шұғыл әрекет ету, жылдам шешімдер қабылдау маңызды. Дәрігердің міндеті - ана мен сәбидің өмірін барынша аман қалуға тырысу. Ана жүктілік кезеңінде барлық факторларды бақылауға алып, дәрігер мамандардың бақылауында болуы керек. Мамандардың ақыл-кеңесіне үнемі құлақ түріп, ықтимал қауіпті жайттардың алдын алып отырса, өмірге дені сау сәби әкелудің мүмкіндігі арта түседі.

Айта кетейік, Президенттің Жарлығымен отандық медицинаны дамытуға елеулі үлес қосқан мамандар марапатталды.

Соңғы жаңалықтар