Павлодарлық дәрігерлер жарақатпен түскен сәбилер туралы деректерді полицияға бере бастады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірлік балалар ауруханасы жарақаты бар бір жасқа дейінгі жеткіншектер туралы мәліметтерді енді полицияға беріп отырады.

Медицина қызметкерлері мұндай қадамға мәжбүрлі түрде барып отырғандарын айтады. Себебі кей отбасыларда балаға қатігездік таныту, ұрып-соғу деректері тіркелген.
- Мысал үшін біздің ауруханаға күйіп қалған сәби түсті. Бізден жазылып шыққан соң әлгі жеткіншек көп ұзамай тағы да күйген. Полицияға бізге күдікті болып көрінген немесе себебі түсініксіздеу жарақаттар туралы толықтай мәлімет беруге көштік. Кейде жарақаттың пайда болу себебін медициналық тұрғыдан топшылаймыз, алайда ата-анасы басқа жайттарды айтады. Мұндай сәттерде күдік туындайды. Осындай деректер бойынша әрі қарай тәртіп сақшылары жұмыс істейді,-дейді облыстық балалар ауруханасының нейрохирургы Талғат Қасымбеков.
Дәрігерлер егер баланың денесінде ұрып-соғудың айқын белгілері байқалса, жасына қарамастан полиция хабарлайтындарын жеткізді.
Еске сала кетейік, анасы терезеден лақтырып жіберген павлодарлық бала ауылда тұруды қалайды.