Павлодарлық фермерлер гектарынан 250 центнер картоп жинап жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінде жиын-терім жұмыстары қыза бастады. Фермерлер 31,2 мың гектар алқаптан картоп жинауы керек.

Павлодарға қымбат картоп қайдан келді
Фото: Павлодар облысы әкімдігі

Облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау алаңы 1 445,4 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылғы деңгейден 78,7 мың гектарға артық. Оның ішінде суармалы жерлер аумағы - 82,1 мың гектар.

- Биыл картоп 31,2 мың гектар алқаптан жиналады, бұл өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 24,8%-ға көп. Көкөністер мен бақша дақылдары 9,4 мың гектар немесе былтырғыдан 14,6%-ға артық. Қазіргі уақытқа дейін жалпы егіннің 35,6 мың гектары немесе 2,5% - ы жиналды. Дәнді дақылдарды жинаудың болжамды мерзімі 25 қыркүйекке дейін, майлы дақылдар - 25 қазанға дейін. Жалпы өнімділік тұрақты деп бағаланады. Биыл жаздың жаңбырлы болуына байланысты көп жерлерде егін бітік шыққан. Топырақтағы ылғал қоры да әсер етті, - дейді өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Қаленов.

Қазіргі уақытта облыс фермерлері дәнді дақылдар бойынша гектарынан орташа есеппен 10-11 центнер, картоптан 250 центнер, көкөністер мен бақша дақылдары бойынша 250-350 центнер өнім жинап жатыр. 

Егін жинау науқанына барлық модификациядағы 2286 бірлік трактор, 2318 комбайн, 1033 орақ, астық тасымалдайтын 2668 автокөлік пен 1275 трактор тіркемелері жұмылдырылған. Жиын-терімге барлығы 20 мыңнан астам адам қатысуда. 

«Мол астықты шашпай-төкпей жинап алу үшін диқандарға 33,2 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Мемлекеттік қолдау шаралары бүкіл вегетациялық кезеңге субсидиялау ретінде бөлініп отыр. Биылға жалпы сомасы 6,1 млрд теңге қарастырылған. Облыстағы астық қабылдау орындары толықтай дайын. Тек қазіргі жаңбырлы күндер ұзаққа созылмаса екен дейміз. Қыркүйекте ашық күндер көп болса, астық жинау науқанында проблема болмайды деп ойлаймыз», - деп қосты басқарма өкілі.

Еске сала кетейік, биыл Павлодар облысында 2,67 млн тонна астық жиналады деп болжанып отыр. 

Ал былтыр аймақта 769 мың тонна картоп жиналған

Соңғы жаңалықтар