Павлодарлық құтқарушылар тікұшақтың көмегімен әуеде жаттығу өткізді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Мұндай жаттығулардың басты мақсаты – құтқарушылардың кәсіби шеберлігін арттырып, кез келген жағдайға дайын болуын қамтамасыз ету.

Өңір құтқарушылары әуеде оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді. Арнайы тікұшақтың қатысуымен өткен іс-шарада мамандар төтенше жағдайда үйлесімді әрекет ету дағдыларын шыңдады.

Жаттығу барысында құтқарушылар бірнеше күрделі жағдайды пысықтады. Мәселен, тікұшақтан тікелей су айдынына түскен сүңгуірлер суға кеткен адамды құтқару тәсілдерін көрсетті. Бұл – төтенше жағдайда жедел көмек көрсетуге мүмкіндік беретін тиімді әдіс. Сонымен қатар мамандар іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, жолмен жету мүмкін болмайтын немесе қолжетімсіз аумақтарда көмек көрсету амалдарына баса назар аударылды.

- Бүгінгі жаттығу өңірімізде алғашқы рет болып жатыр. Біз жыл сайын қыркүйек айында өзге аймақтардағы жарысқа қатысатынбыз. Біз құтқарушы болғандықтан әр жағдайға дайын болуымыз керек. Құтқарушылар тікұшақтан ойдағыдай түсіп, зардап шеккен адамдарды дер уақытында құтқарып алды, - деп атап өтті Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шериязданов.

Облыс бойынша биыл құтқарушылардың көмегімен 19 адам аман қалған. Тікұшақтың артықшылығы зор. Ол мамандарды оқиға орнына тез уақытта жеткізіп, қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, павлодарлық құтқарушылар бұдан былай жағажайдағы қауіпсіздікті дронмен бақылайды.