Павлодарлық полицейлер үш күнде көші-қон заңнамасын бұзуға қатысты 145 дерек тіркеді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Көші-қон заңнамасын бұзған 7 шетел азаматы сот шешімімен елден шығарылады. Тағы бір шетелдік мәжбүрлі түрде шекарадан әрі асырылды.

Өңірде «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Полицейлер шетелдік азаматтар тұратын жерлерді, құрылыс нысандарын, базарларды, ұйымдарды және олардың жалдамалы еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілерді тексереді.

«Операцияның алғашқы үш күнінде көші-қон заңнамасын бұзу бойынша 145 жайт анықталды. 10 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Полицияға шетелдіктердің келгені туралы уақытылы хабар бермегені үшін 44 жеке және заңды тұлға жауапқа тартылды, жеті шетелдікті елден шығару туралы сот шешімі шығарылды. Ал тағы бір шетелдік азамат мәжбүрлі түрде шығарып жіберілді», - деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті көші-қон қызметінің бастығы Дәулет Ысқақов.
Шетелдіктерді жұмысқа алғанда ел азаматтарының көбі рұқсат құжатын ресімдемейді. Мысалы, Павлодар ауданы Ольгин ауылындағы шаруа қожалығы еңбек шартын жасамастан Өзбекстан азаматтарын құрылысшы ретінде жұмысқа қабылдаған. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жұмыс беруші де жазаланды.
Ал Ертіс ауданы Ұзынсу ауылының аумағында заңсыз тұрып жатқан 50 жастағы әйел анықталды. Дәл осы ауданда көрші мемлекеттің азаматы еш рұқсатсыз сатушы болып жұмыс істеп келген. Барлық құқық бұзушылар жауапқа тартылды, сот шешімімен әрқайсысына 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.