Павлодарлық зейнеткер сот шешімімен жерін қайтарып алды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Көршілес тұрғын ортақ пайдаланымдағы жердің біраз аумағын жерге орналастыру жобасына енгізіп алған.

Сот қателікке жол берген қалалық жер қатынастары бөліміне және Халыққа қызмет көрсету орталығына арнайы ұйғарым шығаруға мәжбүр болған.
Зейнеткер Е. — Павлодар қаласы Иса Байзақов көшесінде орналасқан жалпы пайдаланудағы 600 шаршы метр жер учаскесі бар үйдің иесі. Оған 2006 жылы әкімдіктің қаулысымен жеке тұрғын үй құрылысын салу және күтіп ұстау үшін 0,0369 га жер учаскесі беріліп, кадастрлық нөмір белгіленген. Сондай-ақ жер учаскесіне жеке ортақ үлестік меншік құқығына акті берілген.
Ал 1990 жылы мүдделі тұлға Н. зейнеткермен көрші болып орналасады. Ол үй орналасқан жерді сыйға алған. Одан әрі ер адам «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ-мен жалпы ауданы 0,0864 жер учаскесіне (оған Е.-нің жер учаскесі еніп кеткен) жерге орналастыру жобасын әзірлеген. Павлодар қаласының жер қатынастары бөлімі 0,0720 га (құжаттар бойынша 0,0864 га) жер учаскесіне жерге орналастыру жобасын бекітіп жібереді. Осылайша Е.-ге тиесілі жер учаскесінің кадастрлық нөмірі жойылып, көршісі әлгі жердің иесі болып шыға келген.
— Зейнеткер Е., бөлімнің бұйрығын жарамсыз деп тану және «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясындағы тіркеудің күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінді. Өйткені бұл жер учаскесі ортақ үлестік меншік нысаны болып табылады. Бірінші сатыдағы соттың шешімімен әкімшілік талап қою қанағаттандырылды, — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.
Белгілі болғандай, мүдделі Н. сот шешімімен келіспей, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы апелляциялық шағым түсірген. Бірақ сот барлық жағдайды елеп-екшей келе, алғашқы шешімді заңды деп таныды және өзгеріссіз қалдырды.
Сондай-ақ, Павлодар облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы мен қалалық жер қатынастары бөліміне тиісті шаралар қабылдау, алдағы уақытта мұндай фактілерге жол бермеу туралы екі жеке ұйғарым шығарды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, БҚО-да жайылымдық жер сот шешімімен ауыл тұрғындарына қайтарылды.