Павлодарлық жолаушылардың қоғамдық көлікке шағымы көп
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өткен жылы өңірдегі жолаушылар арасында қоғамдық көлік қызметіне қатысты әлеуметтік сауалнама жүргізілген.

Жауап берушілердің 62%-ы қала ішінде жүретін қоғамдық көліктердің жұмысы нашар ұйымдастырылатынына шағымданған.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылар арасында сауалнама жүргізіп, павлодарлықтардың басым бөлігі қоғамдық көліктің сапасын нашар бағалайтынын анықтаған. Қатысқан 500 адамның 62%-ы автобустар мен трамвайлардың қызметіне көңілі толмайтынын жеткізген.
— Павлодарлық тұрғындар түрлі саладағы қызмет көрсетудің деңгейін бағалады. Жауап берушілердің басым бөлігі жолаушылар тасымалын әлі де жүйелі етіп, қызмет көрсету деңгейін көтеру керек деп есептейді. Жұртшылық автобустардың көп жағдайда лық толы болатынына, жүргізушілердің, кондукторлар мен бақылаушылардың дөрекі қылық танытатынына шағымданды, — дейді Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.
Бұған дейін Павлодарға «Сергек» камералары қойылуы мүмкін екенін жазғанбыз.