Павлодарлық әнші Ерболат Аралбаев «Славян базары - 2017» ән байқауына қатыспақ

Байқаудың шарты бойынша 24 жастағы үміткер төрт әнді орындаған сәтін видеоға түсіріп, қосымша қажетті құжаттармен бірге ұйымдастырушылардың электронды поштасына жібереді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .
"Мен халық әні «Дударайды» және Мүсілім Магомаевтың «Синяя вечность» әндерін таңдап алдым. Қалған екі ән әзірге белгісіз. Бір әнді оркестрмен орындау керек. Дайындық жұмыстарына енді кірісейін деп жатырмын, себебі конкурстың ережелерін кеше ғана алдым. Шарт бойынша видеоларды 1 сәуірге дейін жіберу керек. Ал, «Славян базары - 2017» Белоруссияның Витебск қаласында 11-19 шілде аралығында өтеді", - деді Ерболат Аралбаев.
Ерболат бұл күндері Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда қызмет етеді. Жас әнші халықаралық «Тұлға - 2014» және «Ертіс жұлдызы» конкурстарының бас жүлдегері. Жетінші халықаралық «Атамекен - 2014» және Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным - 2016» байқауларының дипломанты.
Айта кеткен жөн, 2015 жылы «Славян базарына» Димаш Құдайберген қатысып, бас жүлдесін ұтып алған. Ол, «Славян базарында» топ жарған тұңғыш қазақстандық әнші атанды. Ал 2016 жылы бұл конкурста тағы бір қазақстандық әнші Адам өнер көрсетіп, бірінші орын иеленді.