Павлодарлық екі полицей халықаралық дəрежедегі спорт шебері атанды
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткен.
«Павлодарлық полицейлер республикалық жарыстарда ғана емес, халықаралық аренада да жоғары нәтижелер көрсетуде, - деді баспасөз қызметінде. - Ағымдағы жылы департамент қоржыны кикбоксинг, аралас жекпе-жек, спорттық және жауынгерлік самбо спорт түрлері бойынша әлем чемпионаттарының әртүрлі медалімен толықты. Бұған қоса, екі полиция қызметкері халықаралық дəрежедегі спорт шебері атағына ие болды».
Марокконың Касабланка қаласында самбо күресі бойынша 62 келіге дейінгі салмақта өткен додада әлем чемпионы, Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкері Ерлан Сыздықов қола медальге қол жеткізді.
Сондай-ақ, спорт әлемінің жұлдызы әрі әріптестеріне үлгі болған полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Хасанов Анапа қаласында өткен кикбоксинг бойынша Әлем кубогінде алтын медаль олжалады. Бұл оның алғашқы жеңісі емес.
Бұған дейін ол халықаралық аренада Қазақстанның атағын бірнеше рет қорғаған. Ол - 2012 және 2015 жылдарындағы Азия чемпионы, Әлем кубогінің иегері және кикбоксинг бойынша әлем чемпионы.