Павлодарлық қаржы полицейлері мемлекеттік сатып алулар саласында 32 қылмысты анықтады

«Аталған мәселелер және мемлекеттік сатып алуларды жүргізуде заңдылықты қамтамасыз ету қаржы полициясы органдарының қызметінде басымдыққа ие», - деп атап өтті қаржы полицейлерінің 10 ай бойы атқарған жұмыстарын қорытындылай келе Павлодар облысы Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының бірінші орынбасары Мейрам Әбікеев.
ЭҚСЖҚД қызметкерлері мемлекеттік сатып алулар саласында 32 қылмысты анықтады. Сотқа 13 қылмыстық іс жолданды, 15 адам жауапкершілікке тартылды, оның ішінде бес шенеунік сотталды.
Әсіресе Павлодар облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі комитеті басқармасының жауапты тұлғаларына, сонымен бірге, «Еңбек тас» РМК басшылығына қатысты қылмыстық іс қоғамдық резонанс тудырды.
Сот сараптамасының қорытындысы бойынша, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі мен құны жобалық-сметалық құжаттар мен жұмыс актілеріне сәйкес келмейді. Есептей келе 62 млн. теңгеден артық сомада сәйкессіздік бары анықталды.
Тергеу барысында ҚАЖК басқармасының лауазымды тұлғалары қызметтік өкілеттіліктерін асыра пайдаланып, бюджет қаржысын аса ірі көлемде жымқырғаны анықталды.
Әлеуметтік нысандар құрылысы саласындағы жемқорлық өршіп тұр, ағымдағы 10 ай ішінде мұнда жеті заңбұзушылық анықталған.
Сот Қашыр ауданының құрылыс бөлімінің басшысына қатысты қылмыстық істі қарап жатыр. Ол өзінің қызметін асыра пайдаланып, сәуір айында Тереңкөл ауылындағы 24 пәтерлі тұрғын үй құрылысына байланысты келісімшарт бойынша орындалған актіге жалған мәліметтер енгізген. ЖШС-тердің біріне ол ешқандай негізсіз миллион теңгеден артық ақша бөлген.
Жөндеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру бойынша мемлекеттік сатып алулар да осындай жағдайда.
Сотта Лебяжинский тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысына қатысты қылмыстық іс қаралуда. Ол Аққу ауылындағы жылу желілерін қалпына келтіру жұмыстарының толық көлемде орындалмағанын біле отыра, қабылдау жөніндегі актілерге жалған мәліметтер енгізіп, ЖШС есебіне 15 млн. теңге бюджет қаржысын аударған.
Мемлекеттік сатып алулар фактілерін бұзу бойынша көлік және коммуникация саласында төрт қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар Павлодар ауданы қала құрылысы мен сәулет бөлімінің басшысы мен басқа лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық істер қаралып жатыр. Олар «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында Заря ауылындағы жеті екі пәтерлі үйдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым активтерін М. есімді азаматтан шамамен 27 млн. теңгеге заңсыз алған. Сот 4 қараша күні айыптыны тұтқындау туралы шешім шығарды.