08:10, 18 Наурыз 2014 | GMT +5
Павлодарлық прокуратура қызметкерлері алиментшілерге жұмыс іздеуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда балаларына алимент төлеуден қарызы бар жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсетілуде, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
«Прокуратура қызметкерлері алименттер бойынша қарызгерлер қатарындағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру шараларын жүзеге асыруда. Нәтижесінде бүгінгі күні 144 жұмыссыз әке есепке қойылып, оның 23-і жұмысқа орналастырылды», - деді прокуратураның баспасөз хатшысы А. Ермулатова. Прокурорлардың мәлімдеуінше, соңғы кездері өңірде алимент төлемегендігіне байланысты 71 қарыздар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 49-ына айыппұл салынса, 22 адам бірнеше тәулікке тұтқындалды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық балаға жалпы сомасы 107 млн. теңге көлемінде алимент төленген.