10:02, 17 Сәуір 2013 | GMT +5
Павлодарлық сот орындаушылар жолға шықты
ПАВЛОДАР. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Кеше Павлодарда сот орындаушылар, тәртіп сақшылары мен облыстық прокуратура қызметкерлері Химиялық қалашық ықшам ауданындағы және Торайғыров көшесіндегі жолдарды 2,5 сағатқа жапты.
Бұл туралы сот актілерін орындау бойынша департаменттің баспасөз қызметінен хабарлады.
Өз жұмыстарымен жолға шыққан автожүргізушілердің арасында әкімшілік айыппұлды төлеуден жалтарып жүргендер анықталып жатты. Олар қарыздарын сол жерде өтеулері немесе оны жапқанша көліктің техникалық паспортымен және мемлекеттік нөмірмен қоштаса тұруға тиіс болды.
Аталмыш тәжірибе 11 сәуір күні Усоль ықшам ауданында жүргізілді. Үш сағаттың ішінде темір тұлпар иелерінен өндіріп алынған әкімшілік айыппұл көлемі 800 мың теңгеден асып жығылды.