Павлодарлық студенттер кикбокстан Әлем кубогының чемпиондары атанды

ПАВЛОДАР. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Мажарстанның Сегед қаласында өткен кикбокстан Әлем кубогында Қазақстан құрамасы жеңіп алған бес алтынның екеуін Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының спортшылары еншілеп қайтты.
None
None

Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметінен хабарлады.

Магистрант Ерсайын Қасамбаев 63,5 келі салмақта, дене шынықтыру және спорт факультетінің үшінші курс студенті Саян Жақыпов 71 келі салмақта Кубок чемпиондары атанды. Олардың әрқайсысы - Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

Ал Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы колледждің оқушысы Ризван Ферзаули 54 келі салмақта «күміс» медаль олжалап қайтты.

Әлемнің 29 елінің өкілдері қатысқан осынау байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 14 медаль, оның ішінде бес «алтын», бес «күміс», төрт «қола» қанжығалады.

Соңғы жаңалықтар