Павлодарлық тұрғын ұлының тұсауын облыс әкіміне кескізбек

Павлодарлық Әлима Жұмекенова есімді тұрғын «балам ел басқарсын» деп тілесе керек, ұлының тұсауын облыстың әкіміне кестіруді жөн көріпті деп хабарлайды BAQ.KZ
«Қазақ - дәстүрін қастерлеп, ғасырлар бойы мұраларын насихаттап келе жатқан халық. Менің ұлым Нұрәлі алғаш аяқ аяқ басып, өмір көшіне ергелі отыр. Сізден осы сәбиімнің тұсауын кесіп беруіңізді сұраймын» дейді өңір басшысы Ерлан Арынға хат жазған павлодарлық.
Қызығы сол, Павлодар облысының әкімі сөзге келместен Әлима Жұмекенованың өтінішін қабыл алды.
«Қазақ өзі ырымшыл халық. Дүние есігін ашқан сәбиге ат қоюда, оның тұсауын кесуде, мектепке баратын кезінде, оқуын тәмандауында, үйленуі секілді айтулы күндерде ұрпағының жаңа өмір баспалдағы жарқын болсын деген ниетпен данагөй ақсақалдардың батасын алып, ақ жаулықты ана-әжелерімізге шашу шашқызатыны белгілі. Балаңыздың қадамы құтты, жолы ақ болсын! Сіздің шақыруыңызды қабыл алдым. Тұсау кесу рәсіміне қатысамын» деп Ерлан Арын мырза қысқа қайырған.