«Павлодартұз» серіктестігі жылына 150 мың тонна тұз өндіруді көздеп отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Павлодартұз» серіктестігі жылына 150 мың тонна тұз өндіруді көздеп отыр. Бүгінде Ақсу ауылдық аймағына қарасты Сольветка ауылында өнім вагондарға тиеліп, Ресейге экспортталуда.
None
None

Сондай-ақ, кәсіпорын отандық нарықты сапалы тауармен қамтамасыз етуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Павлодартұз» серіктестігі 1922 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін кәсіпорын Ресей және отандық нарықта ойып тұрып орын алды десек артық болмас. Серіктестік директоры Денис Семеновтың айтуынша, тұз көбіне техникалық бағытта қолданылады.  - Негізгі жұмыстар Сольветка ауылында жүргізілуде. Мұнда алты миллион тонна тұз қоры бар. Шамамен 20 жылға жетеді. Биыл 85 мың тонна тұз өндіруді көздеп отырмыз. Былтыр көрсеткіш 45 мың тоннаны құраған болатын. Тауардың 70 пайызы Ресейге жөнелтіледі. Өнімге сұраныс жоғары. Әсіресе, мұнай өнеркәсібімен айналысатындармен байланыс орнатылған. Десе де, Ресей нарығында бәсекелестеріміз аз емес. Сапа жағынан бәсекеге төтеп берудеміз. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыру жоспарлануда, - дейді Денис Семенов.

 Айта кетерлігі, серіктестік иелігінде Успен ауданы Тобылжан ауылындағы тұз өнеркәсібі бар. Қазір мұнда барлау жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорын басшылығы Екібастұз ауылдық аймағына қарасты «Тұздысор» көлінде де кәсібін дөңгелетуді көздеп отыр. Бүгінде қажетті құжаттар әзірленуде. Белгілі болғандай, көлден тек мамырдан қазан айына дейін тұз алынады. Қалған уақытта өнім өңделіп, тиісті жерлерге жөнелтіледі. Бұл ретте, кәсіпорынға жақын орналасқан темір жол торабының пайдасы орасан. Қысқа уақытта қондырғылар жаңартылады. Биыл бұл мақсатқа 80-90 миллион теңге қаражат қарастырылған. Кәсіпорын басшылығы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға баса мән беруде. Мәселен, Сольветка ауылының 60 шақты азаматы осында еңбек етеді. Солардың бірі - Шамиль Бақтияров. - Кәсіпорында 43 жыл еңбек етемін. Осы уақыт ішінде көптеген жаңашылдықтар орын алды. «Техника жоқ кезде, тұз түйені жегу арқылы алынатын», дейтін көнекөз қариялар. Бүгінде өндірісте жаңа технологиялар қолданылады. Тауар салмағы 1 тонна құрайтын қапшықтарға салынып, вагонмен Ресейге жөнелтіледі. Сондай-ақ, жүк көліктерімен де тасымалданады. Сольветка ауылындағы «Үлкен Қалқаман» көлінің жалпы ұзындығы 20 шақырым. Жылына тұз қатпары 5 сантиметрге дейін өседі. Тұзды алу аймағы жіті қадағаланып отырады, -  дейді ол. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпорынның тауарына сұраныс жоғары. Сәйкесінше, өнім көлемін арттыру көзделуде. Бұл - жаңадан жұмыс орындарының ашылуына сеп болмақ.   

Соңғы жаңалықтар