Пайдалы қазбаларды өндіруші компания Баянауылдағы жерді өз бетінше иеленіп алған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында мемлекеттік жерлерді өз бетінше иеленіп алған жеке компания анықталды. Өңірлік жер ресурстарын басқару департаментінің ұйғарымы бойынша кәсіпорынға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Пайдалы қазбаларды өндіруші компания Баянауылдағы жерді өз бетінше иеленіп алған
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен хабарлады.

«Павлодар облысының Жер ресурстарын басқару департаменті Баянауыл ауданы Александровка ауылының тұрғынының өтініші және жер қатынастары бөлімінің хаты негізінде тексеруге бастама жасады. Тексеру барысында ЖШС-ға пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы берілгені анықталды. Алайда компания жер пайдалану құқығын ресімдеу үшін жергілікті атқарушы органға жүгінбеген. Осылайша ҚР Жер Кодексінің 43-бабы 10-тармағының талаптарын бұзды», - деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметінен.

Аталған факті бойынша тексеру субъектісіне 1 ай мерзімге ұйғарым берілді. Ол 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Министрліктен ескерткендей, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 136-бабына сәйкес, аталған әрекет жерге мемлекеттік меншік құқығын бұзу ретінде қарастырылып отыр.

Бұған дейін прокуратура Павлодар облысының агроөнеркәсіп кешені бойынша мемлекетке 500 млн теңге шығын келгенін анықтаған еді 

Соңғы жаңалықтар