Пайдалы қазбалар қоры таусылу шегіне жеткен жекелеген кәсіпорындарға мемлекеттің араласуы қажет - Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі

Бүгін өткен брифингіде ИЖТМ-ның Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Сәйдуақасов, Қазақстанның минералды шикізат базасында бәсекеге қабілетті пайдалы қазбалардың түрлері, олардың ішінде уран мен мұнай бойынша қор жеткілікті екендігін атап өте келе, қор мөлшері азайған және мемлекеттің араласуын қажет ететін түрлер де бар екендігін қадап айтты.
«Елде полиметалл, мыс және алтынның қорлары таусылу шегіне жетті. Жалпы республика бойынша жағдай бірқалыпты. Бірақ жекелеген кәсіпорындарда жағдай күрделі. Мысалға, Зырян қаласындағы Малеевск кенішінде бар-жоғы 12 жылдың қоры қалды. Бұл проблема, себебі, жаңа кен орнын алдымен табу, сосын ол жерге кен байыту комбинатын тұрғызу керек. Жаңа кен орнын іске қосуға кем дегенде 15-20 жыл кетеді. Сондай-ақ, Жезқазғанда да қор 15 жылға қалды», - дейді ол.
М.Сәйдуақасов, Ертіс және Глубоковский кен орындарында да жағдай мәз емес екендігін тілге тиек етті.
Өз кезегінде Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау, 2011 жылы Геологиялық барлау бағдарламасына 10 миллиард теңгеге жуық қажарат бөлінетінін атап өтті. Бұл үстіміздегі жылғы инвестициялардан екі есеге көп.