«Пайданың көзі саңырауқұлақта» - баспасөзге шолу
« Айқын » басылымының хабарлауынша, Тараздың қақ ортасындағы көшелерде тұрған бейберекет сауда орындары мен ойдан-қырдан жиналған заңсыз дүңгіршектер қала көркіне, кескін-келбетіне көлеңке түсіріп тұр.
«Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі Таразда тойланғалы отыр. Айтулы күнге аз ғана уақыт қалды. Бүгінгі күні республикамыздың әр өңірі шаһарды абаттандыру жұмыстарына демеушілік көрсетіп, бір үйдің баласындай ат салысып жатыр. Дегенмен қаланың орталық көшелеріндегі бейберекет сауда орындары. Бес жарым ғасырлық белесімізбен мақтанар тұста, Отан-ана мен елден, тарих пен болашақтан күнделікті нәпақасын жоғары қойып, қазақтың мүйізі қарағайдай Қазыбек би, Әйтеке би атындағы төл шаһарымыздың төрінде орналасқан көшелердің бойын бейберекет сауда алаңына айналдырғандарға жол болсын. Тіпті Жамбыл даңғылы бойындағы қалалық аурухана алдын жабайы базарға айналдырып жіберген», - делiнген « Мерейтойға жабайы сауда сән бермес » атты мақалада.
Газеттiң жазуынша, осыған орай Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкірекбаев осы олқылықты жою үшiн арнайы қаулы қабылдап, жергілікті атқарушы орындарға тапсырма берген.
«Қаулы негізінде қалалық мәслихат депутаттары мен қалалық бөлім басшыларынан арнайы комиссия құрылып, қаланы бейберекет сауда орындарынан тазарту жұмыстары жүргізілді. Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Балабек Нарбаев бастаған комиссия құрамы «Орталық гастроном» маңындағы бейберекет сауда дүңгіршектеріне ат басын бұрды. Бұрынғы «Тюльпан» мейрамханасының алдында шоғырланған жеңіл тағам сатумен айналысатын қос нысанның бірі алынып тасталған. Ал екіншісі әлі күнге жылы жерінен жылжымай отыр. Оның егесіне Балабек Нарбаев алдағы айтулы мерекеге орай қолға алынып отырған мәселемен қатар, сол «Смак» сауда павильонының ешқандай заң мен санитарлық бақылауға сай жұмыс жасап отырмағандығын шегелеп айтты. Олардың жұмысына осы күнге дейін екі шағым да түсіп үлгерген екен», - делiнедi материалда.
Саңырауқұлақ бизнесінен жақсы табыс табуға болады, деп жазады « Айқын » « Пайданың көзі саңырауқұлақта » атты мақалада.
«Себебі, қазір саңырауқұлақтан жасалатын тағамдар мен салаттарға деген сұраныс жоғары. Тіпті саңырауқұлақтан жасалған тағамдардың бағасы да ұшып тұр. Содан болар, еліміздің әр аймағында саңырауқұлақ бизнесін мықтап қолға алғандар көбейді. Бұрын саңырауқұлақ саудасын оңтүстік жұрты қыздыратын, ал қазір бұл кәсіпті батыс аймақтары да дөңгелетуде», - делiнген мақалада.
Ақтөбе облысы, Қобда ауылының тұрғыны Майра Бимашева нәпақасын осы саңырауқұлақтан табады. Майра мемлекеттік бағдарлама бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, қолына сертификат алған. Сөйтіп, өз кәсібін жүргізуге кіріскен. «Алғашқы кезде жер телімім де, бастапқы капиталым да болған жоқ. Сөйтіп, саңырауқұлақтарды үйде, шағын жылыжайда өсірдім. Кейін мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгіндім. Қазір кәсібім жанданып келеді» дейді кәсіпкер. Майра саңырауқұлақ өсіру және өткізу бойынша жарияланған мемлекеттік бағдарлама аясында 1,5 миллион теңге несие алған. Осы қаражатқа жалпы алаңы 30 шаршы метр шағын жылыжай салған. Саңырауқұлақтың өсуіне қажетті 100 келідей түрлі тыңайтқыштар, сабан сатып алған. Майраның айтуынша, қыста саңырауқұлақ өсіруге қажетті сабан табу қиын екен. «Субстратты дайындау үшін міндетті түрде туралған сабан керек. Сосын сол сабанды ыстық суға буландырып, суытып, артынша полиэтилен қапшықтарға салып, мицелиймен араластырамыз. Саңырауқұлақтың тұқымын осы сабанға отыр-ғызып, минералды тыңайтқыштармен қоректендіреміз. Содан кейін барып ауладағы жылыжайға қоюға болады. Үш күннен кейін саңырауқұлақ өсіп шығады. Бір аптада тауарлық күйге келеді» дейді Майра Бимашева.
« Деміккен әлем, дендеген дерт » атты тақырыппен « Егемен Қазақстан » басылымында әлем оқиғаларына шолу оқырман назарына ұсынылып отыр. Онда Грециядағы ахуалдан бастап, Оңтүстiк Судандағы әлеуметтiк дағдарыс, Испаниядағы Қытай компанияларының дәурен жасауы, Еуропадағы босқындар мәселесiне дейiнгi тақырыптар көтерiлiп отыр.
«Жұт жеті ағайынды» дегендей, азамат соғысы белең алған Оңтүстік Суданда тырысқақ жұқпалы ауруы күрт қозып кетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, жақында Оңтүстік Суданда тырысқақ ауруына шалдыққан 1212 адам анықталған көрінеді. Соңғы мәлімет бойынша, олардың ішінде 39 адам көз жұмған. Оңтүстік Судан мемлекеті денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, тырысқақ ауруының алғашқы нышандары 2015 жылдың 23 маусымында пайда болған көрінеді. Сол айдың аяғына дейін бұл кесел 18 адамның өмірін жалмап үлгеріпті», - деп жазады газет аталмыш мақалалар топтамасында.
« Егемен Қазақстан » басылымының бүгiнгi санында « ДСҰ: жаңа мүмкіндіктер көкжиегі » атты мақала жарияланды.
«Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру жөніндегі барлық келіссөздерді сәтті аяқтады. Ұзақ мерзімге созылған үдерістің ресми нүктесі осы жылдың желтоқсан айында қойылады. Нақты айтсақ, Кенияның Найроби қаласында өтетін конференцияда Қазақстанның ұйымға мүше болғаны жарияланады. Алайда, оған дейінгі басты белес бағынды. Сондықтан еліміз салтанатты шараны күтпей-ақ, ДСҰ-ға қатысты қадамдардың негізгі бағыттарын айқындап, кезек күттірмейтін жұмыстарды бастап кетті. Осы ретте Қазақстанға ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ДСҰ қатарына қосылудың барлық басымдықтарын пайдалану қажет екенін айтқымыз келеді», - делiнген мақалада.
Қазір Қазақстан ауыл шаруашылығының әлемдік нарықтағы орны айтарлықтай жоғары деңгейде. Сондықтан ДСҰ шеңберінде осы салаға басымдық берілетіні анық. Бұл бағыттағы келіссөздер нәтижесінде қол жеткізген жетістіктер де аз емес.
«Мәселен, аталмыш саланы «сары себет» атанып кеткен шеңбер бойынша ауыл шаруашылығы өндірісі нақты өнімінің жалпы құнынан 8,5% көлемінде қаржыландыру құқығына ие болдық. Тарқатып айтар болсақ, еліміз ауыл шаруашылығы өнімінің соңғы бағасына тіккелей ықпал ететін мемлекеттік дотация нысандарын қолдана алады. Сондай-ақ, оған «сары себет» шеңберінде институционалдық дамыту мен ауылдардағы инфрақұрылым құрылысына бағытталған қолдау шаралары еш шектеусіз ұсынылады. Аталған жайтқа қатысты жан-жақты түсіндірме берген Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова мұндай мүмкіндікке қол жеткізудің оңай болмағанын айтты. ДСҰ-ға 2001 жылы кірген Қытай мен Қазақстан ғана «сары себет» шеңберінде 8,5% көлемде қолдау көрсету мүмкіндігін алды. Мәселен, Ресей Федерациясы 5 пайыздық қолдауға ғана ие болған еді, - деді. Сонымен қатар, ДСҰ-ның ережелері мен қабылдаған міндеттемелерге сәйкес, Қазақстанның астық өндірушілерге көліктік (экспорттық) субсидия ұсынбайтынын атап өткен жөн», - делiнедi материалда.
« Түркiстан » газетiнде « Диплом бар, жұмыс жоқ » атты мақалада жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесi талданады.
«Диплом бар, жұмыс жоқ». Қазір жұмыссыз жүрген жастардан тек осындай жауап алуға болады. Жоғары оқу орнын аяқтап, қолына дипломын алған көптеген жас маманның жұмыссыздық мәселесімен бетпе-бет келетіні жасырын емес. Жоғары оқу орнын бітірген түлектерді ешқандай жұмыс беруші құшақ жая қарсы алмайтындығы да ақиқат. Ал кейбір мамандар жоғары білімді жастардың жұмыссыздығын олардың мамандықты дұрыс таңдамауымен байланыстырады. Яғни, сұранысқа ие мамандықтардан гөрі бүгінгі күннің «сәнге айналған» мамандықтарын таңдауға тырысады. Бұл бүгінгі жастар арасындағы жұмыссыздыққа кері ықпалын тигізетін бірден-бір себеп. Ауыл шаруашылығы, техникалық салаларда, медицинада мамандар тапшылығының сезіліп жүргеніне біраз уақыт болған. Алайда бұл олқылықтың орнын толтыратын жас мамандар әлі күнге дейін табылмай тұр. Түлектердің басым бөлігі мұндай салаларды таңдаудан бас тартып жүргенін өкінішпен айтуға тиіспіз», - делiнген мақалада.
«Ресми деректер бойынша еліміздегі жұмыссыз жастардың деңгейі 5,6 пайызды көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіш 2012 жылы 4,6 пайызды құраса, 2013 жылы 5,9 пайызға бір-ақ көтерілген. Ал 2014 жылдың статистикалық деректері мынадай сандарды ұсынады: еліміздегі жастардың жалпы саны - 4,3 млн., оның ішінде қала жастары 2,4 млн., ауыл жастары - 1,9 млн. Жастардың 2,2 млн-ы жұмыс істесе, 1,9 млн-ы оқиды. Ал 117 мыңнан астам жас жұмыссыздардың қатарында болған», - деп жазады басылым.
Семей билiгi бюджеттiң тапшылығына қарамастан, халықтың мұқтажына қажет емес аса қымбат жобалардан бас тартпай келедi, деп жазады « Экспресс К » .
Қаржыгерлердiң болжамынша, қалалық қазына жыл соңында 170 млн. теңге дефицит көрмек. Коммуналдық саладағы қызметкерлерге қазiрден бастап жалақы кешiктiрiлуде. Бюджеттiк ұйымдар алдындағы қарыз әрең өтелуде. Дегенмен қыста Семейде музыкалық фонтанның жобасы таныстырылды. Сәулет өнерiнiң бұл туындысы қала халқына 160 млн. теңгеге түспек. Осынау қымбат жобаның құрылысы тұрғындардың ашуына тидi.
«Бiрнеше жыл бұрын ғана орталық алаң қайта жөндеуден өттi және ескi субұрқақ жаңасына ауыстырылған болатын», - дейдi қоғам белсендiсi Елена Нетребко. - Бiзге тағы бiр фонтанның керегi қанша, оның үстiне тым қымбат?». Толығырақ, « Денежный фонтан » атты материалдан оқуға болады.