Пайшыларға 546 мың гектар жер қайтарылды – Бас прокуратура
2022 жылы прокурорлардың қабылдаған іс-шараларының нәтижесінде пайшыларға 546 мың гектар жер қайтарылды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Бас прокурор Берік Асыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform.

«2022 жылы прокуратура органдары шартты жер үлестерін пайдалану жəне пайшылардың құқықтарын қорғау мəселелерін реттеу саласында заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізді. Осы жұмыс аясында прокурорлар 169 проблемалық кəсіпорынды (Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда Солтүстік – Қазақстан жəне Түркістан облыстары) анықтады. Оларда 81 мың пайшы жəне 4,1 млн гектар (оның ішінде 868 мың гектар заңсыз кепілге қойылып, 791 мың гектар иеліктен шығарылған) ауыл шаруашылығы алқаптары бар. Жалпы прокурорлар қабылдаған іс-шаралар бойынша пайшыларға барлығы 546 мың гектар қайтарылды. Заңсыз кепіл жəне жерді қайта рəсімдеу фактілері бойынша қылмыстық қудалау органдарының өндірісінде 5 қылмыстық іс бар»,– деді Берік Асылов жауабында.