ПІБ Медициналық орталығы халықаралық сертификатқа ие болды
АСТАНА. KAZINFORM — Маусымда Медициналық орталықта менеджмент сапасы жүйесінің ISO 9001:2015 халықаралық стандартына сәйкестігі бойынша екі кезеңнен тұратын аудит сәтті аяқталды, деп хабарлайды ҚР ПІБ Медициналық орталығының баспасөз қызметі.

Аудитті әлемдегі жетекші сертификаттау компанияларының бірі Bureau Veritas Certification Holding жүргізді.
ISO 9001:2015 сертификаты Медорталықтың сапа менеджменті жүйесі халықаралық талаптарға сай екенін және тиімді жұмыс істейтінін, сондай-ақ медициналық қызмет көрсету мен үдерістерді ұйымдастырудың жоғары деңгейін қамтамасыз ететінін растайды.
— Медициналық орталық өзі басқарушы ұйым және шешім қабылдау орталығы ретінде алғаш рет сапа менеджменті жүйесінің жұмысын халықаралық деңгейде тексеруден өткізіп отыр. Бұған дейін халықаралық сертификаттаудан Медорталықтың бағынысты мекемелері өтетін. Ағымдағы жылдың мамыр және маусым айларында екі кезеңмен өткен тәуелсіз аудит жұмысымыздың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын растады, — деп атап өтті ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой.

ISO 9001:2015 халықаралық сертификатын алу — ішкі үдерістерді одан әрі жетілдіруге және Медициналық орталықтың жоғары сапа стандарттарына адалдығын растауға бағытталған тағы бір маңызды қадам саналады. Бұл құжат үш жыл мерзімге беріледі және жыл сайын белгіленген талаптарға сәйкестігін міндетті түрде растауды көздейді.
Бұған дейін Президенттің іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы ұлттық аккредиттеудің жоғары санатына ие болғанын жазғанбыз.