Педагог қызметін бағалау жүйесі жаңарады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда педагогтерді аттестаттаудың жаңа моделі пилоттық режимде енгізіле бастайды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлімдеді.

мұғалім
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Вице-министрдің айтуынша, жаңартылған тәсіл мұғалімнің жұмысын тек академиялық көрсеткіштермен ғана емес, ең алдымен оқушының тұлғалық дамуына қосқан нақты үлесі арқылы бағалауды көздейді.

— Педагог-модератор санатына қойылатын талаптар қайта қаралады. Бұрын жыл сайын 5 ашық сабақ өткізу көзделсе, енді аттестаттау кезеңі ішінде 4 сабақ өткізу жеткілікті. Сонымен қатар біліктілікті арттыру курстарының көлемі 72 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылады, - деді Шынар Ақпарова.

Оның сөзінше, педагогтің мектеп ішіндегі жобалар мен шығармашылық топтарға қатысуы, сондай-ақ сынып сағаттары мен сыныптан тыс іс-шаралар өткізуі де ескерілетін болады.

Вице-министрдің мәліметінше, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші және педагог-шебер санаттарына да осыған ұқсас өзгерістер енгізіледі.

Қазіргі уақытта пилоттық кезеңге арналған бұйрық жобасы әзірленіп, келісу сатысында. Алдағы уақытта барлық мүдделі тарапқа түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

— Өтпелі кезеңде педагогтердің құқығы толық сақталады. Аттестаттау тек қосымша қаржылық ынталандыру құралы емес, ең алдымен педагог қызметінің сапасын әділ бағалау тетігі ретінде қарастырылады, — деп атап өтті вице-министр.

Оның айтуынша, жаңа жүйе педагогтің негізгі қызметіне кедергі келтірмей, керісінше оны қолдауға бағытталады.

— Яғни педагогтің уақыты артық есептілікке емес, оқушымен жұмыс істеуге жұмсалуы тиіс, - деді Шынар Ақпарова.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілетінін хабарлаған еді.

Соңғы жаңалықтар