Педагог мамандығы үздіксіз білім алу мен өз-өзіңді жетілдіруді талап етеді - Шолпан Бабаева
- Шолпан Мұхамедиқызы, бұл мамандыққа қалай келдіңіз, таңдау жасауыңызға не түрткі болды ?
- Жалпы, педагогтар әулетінен шыққанмын, еңбек өтілімізді қоссақ, ғасырдан асып жығылады. Бастапқыда ІТ-саласындағы мамандықты таңдап, 7 жыл инженер-бағдарламашы болып жұмыс істедім. Алайда, білім саласында еңбек ету маңдайыма жазылған екен. Міне, соңғы 10 жыл бойы Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және коммуникация колледжінің «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету кафедрасының арнаулы мамандықтар пәндерінің оқытушысымын. Жаңа дүниені зерделеу, өз білімің мен тәжірибеңді бөлісу барлық уақытта да жанымның қалауы. Ал педагог мамандығы үздіксіз білім алу және өз-өзіңді жетілдіру екендігі сөзсіз. Әсіресе, бұл өте уақыт өткен сайын өте жылдам өзгеріп отыратын ақпараттық технологиялар саласына қатысты болса.
- Ұстаздар қауымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың педагогтардың мәртебесін арттыру, олардың материалдық жағдайын жақсарту жөніндегі бастамаларын қалай қабылдады ?
- Өте жақсы, зор қуанышпен қабылдады. Өйткені, аталған заң кәсіби педагогтардың құқығының кепілі болып отыр. Осы жылдан бастап техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы педагогтарға санаттарына байланысты үстемақы төлене бастады. Ал бұл жалақыға айтарлықтай үстеме болды. Сонымен қатар бұл бастамалар оқытушыларды ынталандыра түсті. Өйткені, олардың еңбектері лайықты деңгейде бағаланады.

- Коронавирус пандемиясына байланысты білім беру саласында проблемалар туындағаны белгілі. Осыған орай Мемлекет басшысы да Үкіметке бірқатар тапсырма берген болатын. Ал мұғалімдер ортасында осыған қатысты қандай пайым бар ?
- Иә, бастапқыда проблемалардың болғаны рас. Өйткені, қысқан ғана уақыттың ішінде қашықтан оқыту форматына көшуге тура келді. Бірақ, қаланың барлық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жағдайға тез арада бейімделіп, білім беруді қашықтан оқыту форматына өте алды. Ал біздің колледжге келер болсақ, айтарлықтай қиындықтар туындаған жоқ. Барлығы да оқу-әдістемелік бөліммен және ақпараттық технологиялар қызметімен сауатты ұйымдастырылды. Колледж әкімшілігі оқытушыларға да, студенттерге де қажетті көмекті жан-жақты көрсете білді.
- Пандемиямен байланысты шектеулер педагогтардың жұмысына, білім сапасына қаншалықты әсер етті ?
- Шектеулердің жұмысқа әсер бар екендігі сөзсіз. Педагогтар студенттерге білім беру үшін үнемі жаңа әдістер іздеуіне тура келді. Ал студенттерден өздігінен білім алу талабы күшейді. Өйткені, олар білімнің 80 пайызын дербес алуларына тура келді. Интернетке қолжетімділікке байланысты да мәселелер туындап жатты. Мұның үстіне педагогтарға тексеретін жұмыстардың еселене түсуіне байланысты жүктеме де артты.
Пандемия кезінде алынған білім деңгейінің төмендігіне байланысты қазіргі уақытта сол олқылықтарды толтыруға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Оны ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те сөз сөйлеулерінде айтып жұр.

- Мұғалімдер күні қарсаңында педагог мамандығын таңдаған жастарға, жалпы әріптестеріңізге қандай тілегіңіз бар ?
- Олардың барлығына шыдамдылық пен шабыт, қызықты идеяларының жүзеге асырылуын тілеймін! Шәкірттері өздерінің жетістіктерімен, табыстарымен қуанта берсін! Өмірлік ұстанымдары қалаған нәтижелерін беріп, келешектері кемел болуы үшін зор мүмкіндіктер ашсын.
Сұқбатыңызға рақмет! Мерекеңізбен!