Педагог-психологтер мен әлеуметтік педагогтер жыл сайын біліктіліктерін арттырады

АСТАНА. KAZINFORM — Педагог-психологтер мен әлеуметтік педагогтер жыл сайын біліктіліктерін арттырады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.

Ұлттық біліктілік жүйесінде білім беру бағдарламаларының ашық тізілімі пайда болды
Фото: Еңбекмині

- Балалардың құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғау және олардың қауіпсіздігі көбінесе мамандардың біліктілігіне байланысты. Тұжырымдама («Қазақстан балалары» тұжырымдамасы) кадрлық әлеуетті жүйелі түрде нығайтуды қарастырады. Педагог-психологтер және әлеуметтік педагогтерге қойылатын талаптар күшейтіліп, жыл сайын олардың біліктілігін арттыру жоспарлануда. Қазіргі таңда 4 өңірде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды, қалған өңірлерде осы жылдың наурыз айына дейін ашылуы күтілуде. Облыс әкімдері, осы ретте жұмысты уақытылы аяқтауға көңіл бөлулеріңізді сұраймын, - деді ол. 

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балаларға арналған қауіпсіз орта құруға бағытталған кең ауқымды шаралар іске асырылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 мектеп салу, сондай-ақ мектеп инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған шаралар балалардың заманауи әрі қауіпсіз оқу жағдайларына қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қала мен ауыл арасындағы білім беру ортасының сапасын теңестіруге мүмкіндік берді. 

- 677 балабақшаның ашылуы 65 мың баланың мектепке дейінгі білімге қолжетімділігін арттырды. Балалардың қауіпсіздігі үшін мектептер маңында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен көшеге жарық шамдары орнатылды. Тұжырымдама аясында балалардың жол қозғалысының қауіпсіздігі және тасымалын арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылады. Суда болған қайғылы оқиғалардың алдын алу, соның ішінде жабдықталған және қауіпсіз шомылу орындарының санын арттыру, балаларды жүзу дағдылары мен суда қауіпсіз мінез-құлыққа үйрету қарастырылған, - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Айта кетейік, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы 1,3 трлн теңге көлемінде қаржыландырылады.

Соңғы жаңалықтар