Педофилдерге хирургиялық кастрация жасалуы мүмкін бе
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев педофилдерге қатысты жазаны күшейтуді тағы да талап етіп, бұл қылмысқа қатыстыларға хирургиялық кастрация жасау керек екенін айтты.
Атап айтқанда, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен іліспе құжат бірінші оқылымда қаралды. Жаңа заң жобасында педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ескерілген.
Е. Бейсенбаев педофилдерге хирургиялық кастрация туралы ұсынысын жеткізді. Депутаттың пайымынша, осы нормаға қатысты Үкімет нақты ұстанымын танытпады және бұл түзетуді қолдамады.
«Заң жобасын екінші оқылымға дейін дайындау кезінде педофилдерге хирургиялық кастрация бойынша Үкімет өзінің түзетуін қайта қарастыруға дайын ба?», - деп сұрады Е. Бейсенбаев.
Өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха енді педофилдерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатынын атап өтті.
«Енді педофилдерге қатысты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы нақты қолданылады. Яғни, егер ол өмір бойына бас бостандығынан айырылса, хирургиялық кастрацияға жасаудың қажеті бар ма? Екіншіден, азаптауға қарсы конвенцияға Қазақстан қосылған. Бұл тұрғыда сұрақты Ішкі істер министрлігіне емес, Әділет министрлігі мен Бас прокуратураға бағыттаған дұрыс болады. Үшіншіден, осы медициналық сұраққа Денсаулық сақтау министрлігі жауап бергені жөн болар, яғни кастрацияны кім жүзеге асырады және оны қалай атқарады? Жалпы, мен Үкімет үшін жауап бере алмаймын. Бірақ түзетуді қазір жолдасаңыздар, біз оны барлық органдардың қатысуымен талқылаймыз», - деді Игорь Лепеха.