Педофилия мен ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салынады — заң қабылданды

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісі балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға қатысты жаңа нормаларды қабылдады.

Педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға тыйым салынады — заң қабылданды
Фото: pixabay.com

Атап айтқанда, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды. Бұл құжатта балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау мақсатында жария кеңістікте, сондай-ақ масс-медианы, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып, педофилияны және дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттайтын ақпаратты орналастыруды шектеу жөніндегі нормалар көзделген.

— Балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі жағымсыз контенттен қорғау туралы қоғамның алаңдауын ескере отырып, заң жобасына қоғамдық кеңістікте педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға тыйым салатын түзетулер енгізілді. Балалар мен жасөспірімдердің отбасы, имандылық және болашақ туралы түсінігіне кері әсерін тигізетін ақпаратты күн сайын желіде кездестіретінін байқап отырмыз. Жас ұрпақты заңсыз контенттен қорғау — олардың қауіпсіздігі мен психикалық денсаулығының мәселесі, — деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Осы орайда ол заң жобасындағы маңызды норма өскелең ұрпақты жағымсыз ақпараттардан қорғауға, жат ағымдардан сақтауға қатысты екенін атап өтті.

— Өйткені бала — біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Сондықтан олардың санасын улайтын, өміріне теріс әсер ететін зиянды ақпараттардан қорғау — ортақ міндетіміз. Әрине, цифрлық заманда ақпараттарға толықтай тосқауыл қою мүмкін емес. Дегенмен, заңға қайшы, адамдыққа жат контентті шектеу — орынды іс. Өйткені әлі бұғанасы қатпаған, ақыл тоқтатпаған жасөспірімдердің түрлі ақпаратты талғаусыз қабылдап, солардың жетегінде кетіп қалуы әбден мүмкін. Ондай оқиғалар аз емес. Сондықтан ұсынылып отырған заң осының алдын алуды, келеңсіздіктерге жол бермеуді көздейді, — деді Е. Бейсенбаев.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин былтыр қоғам белсенділері E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялап, аз уақыт ішінде заңды түрде 50 мың қол жиналғанын еске салды. 

— Сондықтан біздің ЛГБТ-ны насихаттауды заңмен шектеу бойынша қабылдап жатқан нормаларымыз кейбір халықаралық ұйымдар мен белсенділер айтып жүргендей ешқандай адам құқығын шектеуге бағытталмаған. Керісінше, бұл нормалар дәстүрлі отбасылық институтты бұзудан және балалар мен жасөспірімдерді деструктивті идеологиялардан қорғап, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауға, халқымыздың рухани иммунитетін нығайтуға септігін тигізеді. Дербес мемлекеттің ішкі ісіне араласуға, ең бастысы оның ұлттық заңдарына қысым көрсетуге ешқандай ұйымның құқығы жоқ. Ең бастысы, бұл нормалар ұлттың мүддесін қорғауға бағытталған, — деді Е. Жаңбыршин.

Соңғы жаңалықтар