Пентагон: Таяу Шығыста қаза тапқан АҚШ әскери қызметкерлерінің саны жетеуге жетті
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Иранға қарсы операциясы басталғалы бері қаза тапқан америкалық әскерилер саны жетеуге жетті. Қаза тапқан әскери қызметкер Сауд Арабиясында орналасқан бөлімшеге қарасты болған. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы — CENTCOM мәлімдеді.
— Өткен түні АҚШ әскери қызметкері Иранның алғашқы жауап соққылары нәтижесінде алған жарақаттарынан қайтыс болды, — деп хабарлады қолбасшылық X әлеуметтік желісінде. — Бұл «Эпикалық қаһар» операциясы барысында ұрыс кезінде қаза тапқан жетінші америкалық әскери қызметкер.
Мәліметке сәйкес, қаза тапқан әскери қызметкер Сауд Арабиясында орналасқан бөлімшеге қараған және ол 1 наурыз күні ауыр жарақат алған.
Бұған дейінИранның Сарапшылар кеңесі жаңа рухани көсемді сайлағаны хабарланды. Бұл қызметке 56 жастағы Сейед Моджтаба Хаменеи — Иранның бұрынғы жоғарғы жетекшісі Али Хаменеидің екінші ұлы тағайындалды.
Жаңа басшыны таңдау Иран төңірегіндегі жалғасып жатқан әскери қарсыластық жағдайында өтті. 26 ақпан күні АҚШ Таяу Шығысқа 300-ден астам әскери ұшағын орналастырды.
Қақтығыс 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иран Ислам республикасының аумағына соққы жасауымен басталды.
Али Хаменеи қаза тапқаннан кейін Иранда билікті тапсыру рәсімі іске қосылды.