Перизат Қайрат кейсінен кейін қайырымдылық қорлар қызметіне тексеру жүре ме
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада үстінен іс қозғалып жатқан қоғам белсендісі Перизат Қайратқа қатысты істен кейін қазақстандықтардың көкейінде қайырымдылық қорларының қызметіне қатысты сауал көп.

Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа «Істі болып жатқан Перизат Қайрат жетекшілік еткен «Biz birgemiz» қорының миллиардтаған қаржысы қолды болуына байланысты басқа да қор, ұйымдардың қызметі тексеріле ме?» деген сауал қойылды.
- Биыл сәуірде осы саламен айналысатын құзырлы министрлік өкілдерін жинадым. Бұл мәселе бәрімізді де толғандырады. Шын мәнінде нақты көмек көрсетіп жүрген жауапты қорлар бар. Бірақ қайырымдылықты желеу етіп, әсіресе, әлеуметтік желілерде әрекет ететіндер де бар. Бұл тек қорларға ғана қатысты емес, кейбір азаматтар фотосуреттер жариялап, кейін халық сол жерге қаражат аударады, бірақ, оның нақты қайда кететінін түсінбей жатады. Бұл мәселе заң жағынан да жеткілікті реттелмеген, яғни қаражаттың қайда кетіп жатқанын бақылау мүмкін емес. Тек Перизат Қайратқа қатысты жағдай ғана емес, соған ұқсас басқа да қорларға қатысты оқиға ашылып отыр. Бірақ, ондай жайттар құқық қорғау органдарының назарына іліккенде ғана көрініп жатыр, - деп жауап берді Ермек Көшербаев.
Осы орайда Үкімет басшысының орынбасары аталған салаға тиісті заңнамалық өзгерістер мен басқа да реттеуші функцияларды енгізу қажеттігін айтып отыр.
- Қайырымдылық - мемлекет тікелей араласпайтын сала. Мемлекет қорлардың қызметіне араласа алмайды, өйткені қоғамдық бастама немесе азаматтардың бастамасымен жүзеге асырылады. Кейбіреулер бұл істі өмір сүру көзіне айналдырса, кейбіреулер шынымен волонтерлермен бірлесіп жұмыс істеп, көмек көрсетеді. Біз мұндай жағдайдың куәсі болып жүрміз, - деп толықтырды вице-премьер.
Сондай-ақ Ермек Көшербаев саланы толық зерттеп, талқылап болған соң, тиісті заңнамаға өзгерістер енгізілетінін айтты.
- Мәселе қоғам талқысына шығарылады, депутаттармен бірлесіп қаралады. Бұл саланы міндетті түрде реттеп, бақылауға алу қажет. Адамдар ақшасын қайда жіберіліп жатқанын көріп, ол қаражаттың шынымен бастапқыда айтылған мақсатқа жұмсалып жатқанын білуі тиіс. Біздің азаматтардың жүрегі жұмсақ, көмектескісі келіп тұрады. Бұл ретте мемлекет нақты көмек көрсете алатын ұйымдардың ғана жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс, - деп қорытындылады Үкімет басшысының орынбасары.
Айта кетейік, бүгінде елордада «Biz birgemiz» қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот өтіп жатыр. Прокурор Перизат Қайратты 10 жыл, анасын 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай енді еліміздегі қайырымдылық қорлары БАҚ-та есеп жариялауға міндеттеледі.