Перизат Қайрат пен анасынан қанша қаржы мен мүлік тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда соты «Biz birgemiz» қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға үкім шығарды.

Перизат Қайрат
Коллаж: canva

Сот үкімімен Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаевадан мемлекетке тәркіленген мүлік тізімі және қаржы көлемі:

— «Vela Village» коттедж қалашығындағы жеке үй;

— «Akbulak Riviera», «Sensata Plaza», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен автотұрақтар;

— «Mercedes-Benz S450» 2024 ж., «Lexus LX 600» 2024 ж;

— «Rebel Flowers» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100% үлесі;

— 97 млн теңгеден астам қаражат және 22 мың АҚШ доллары тәркіленді.

— Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваның адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше рет әрі аса ірі көлемде жасалған алаяқтық, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру әрекеті жиналған дәлелдемелермен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғағымен, банк құжаттары және заттай толық дәлелденді, — деді Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сабыржан Кәрімов.

Судьяның мәлімдеуінше, алаяқтықтың тәсіл — қайырымдылық жасау мақсатын сылтауратып, жалған қор құру арқылы жүзеге асырылған.

— Бұл әрекет қоғамда қайырымдылық ұғымына сызат түсіріп, азаматтар арасында игі істерге деген күмән туғызды. Істе жеңілдететін мән-жай жоқ. Сотталушылар қылмысты елде төтенше жағдай кезеңінде жасағаны істі ауырлататын мән-жай деп танылды. Келтірілген аса ірі мөлшердегі залал өтелмеген. Осы жайтты ескере отырып, сот бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны әділ деп есептейді, — деп қорытындылады судья.

Айта кетейік, сот үкімімен Перизат Қайрат 10 жылға, анасы 7 жылға сотталды

Сондай-ақ сот үкімімен Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаева жәбірленушілердің шығынын өтеуге міндеттелді

Соңғы жаңалықтар