Перизат Қайраттың соты қашан басталады
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін қайырымдылық қоры арқылы ақша жымқырды деген күдікпен қамалған Перизат Қайраттың соты қашан басталатынын айтты.

- Күдіктілерді іс материалдарымен таныстыру 9 маусымда біткеннен кейін заң бойынша үш күн беріледі. 10 күннің ішінде прокуратура істі сотқа жібергеннен кейін сот қабылдап, қай күні басталатынын айтады, - деді агенттік өкілі.
Сондай-ақ, ол тергеу кезінде осы іске қандай да бір қатысы бар деген негізбен 100-ге жуық адамнан жауап алынғанын атап өтті. Алайда күдіктілер саны өзгеріссіз қалып отыр – Перизат Қайраттың өзі мен анасы.
- Сонда 9 маусымнан кейін 10 күннің айналасында сот процесі басталады ғой, - деп нақтыладық БАҚ өкілдері.
- Дәл айтып тұрсыз, - деді Жеңіс Елемесов.
Еске салсақ, 3 сәуірде Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істі тергеудің аяқталғаны белгілі болған еді.