Перизат Қайраттың соты ішінара жабық өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елорда соты еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайраттың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысын өткізу форматына қатысты шешім қабылдады.  

Перизат Қайраттың соты ішінара жабық өтеді
Фото: видеодан алынған скрин

Соттың ішінара жабық өтетіні туралы шешіммен Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сабыржан Кәрімов таныстырды.

– 2025 жылғы 14 шілде күні сағат 10:00-де басты сот талқылауын жалпы тәртіппен, ашық сот отырысы тағайындалды. Айыпталушылардан жауап алу кезінде, сот талқылауы барысында түсініктеме беру кезінде, сондай-ақ құпия мәліметтер мен банк құпиясын құрайтын материалдар қарастырылған кезде сот талқылауының жариялылығы шектеледі. Сот ісін жүргізу тілі – орыс тілі. Айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасы, тергеу кезеңіне дейін қамауда ұстау санкциясы сақталады, - деді Сабыржан Кәрімов. 

Бұған дейін елордада Перизат Қайраттың ісіне қатысты алдын ала сот отырысы өткенін хабарлаған едік. 

Айта кетсек, биыл 30 маусымда Перизат Қайраттың ісі сотқа жіберілді. 

Еске салайық, еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны 2024 жылы 14 қарашада белгілі болды. 

Сондай-ақ Жоғарғы сот Перизат Қайраттың сотын тікелей эфирден көрсету мәселесін қарастыруға дайын екенін хабарлады. 

Соңғы жаңалықтар