Перудың бұрынғы президенті Вискарра 14 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Перу соты елдің бұрынғы президенті Мартин Вискарраны 2011-2014 жылдар аралығында оңтүстіктегі Мокегуа аймағының губернаторы болған кезінде пара алғаны үшін кінәлі деп тауып, 14 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы ANEWZ агенттігі жазды.

Перудың бұрынғы президенті Вискарра 14 жылға сотталды
Фото: Reuters

Анықталғандай, Вискарра құрылыс фирмаларынан 676 мың доллар алған. Компаниялар қоғамдық жұмыстарға келісімшарттарды ұтып алу үшін пара берген.

Экс-президент былтыр қазан айында басталған сот процесінде өзін «саяси қудалауға ұшырадым» деп өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол 2018 жылы өзінен бұрынғы президент отставкаға кеткеннен кейін ел басқарған. Бірақ екі жылдан кейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеуінің нәтижесінде Конгресс қызметінен шеттетілді.

Бұл үкім сыбайлас жемқорлық үшін түрмеге жабылатын бұрынғы Перу басшыларының тізімін толықтырады. Қазір Алехандро Толедо мен Ольянта Умала жазасын өтеп жатыр. Сондай-ақ Педро Кастильо «бүлік ұйымдастырды» деген айыппен қамауда отыр.

Вискарраның адвокаты Эрвин Сикча сот шешіміне шағымдану жоспарын жариялады.

Вискарраның істі болғанынан қарамастан, оның ағасы Марио 2026 жылдың сәуір айында болатын сайлауда Перу бірінші партиясының өкілі ретінде президенттікке үміткерлер қатарында тұр.

Перу соңғы жылдары саяси тұрақсыздықты бастан өткеріп келеді. 2018 жылдан бері елді 6 президент басқарған. Олардың дені жемқорлыққа қатыстылығы үшін биліктен шеттетілді. Сот шешімі мемлекеттік басқару мен елдегі есеп беру мәселелеріне қатысты алаңдаушылықты көрсетіп отыр.

Осыған дейін Перуде кейінгі 10 жылда жетінші президент ауысқаны туралы жаздық. Биыл қазан айында Перу парламентінің жетекшісі Хосе Хери жаңа президент ретінде ант қабылдады.

Соңғы жаңалықтар