Перзентін жауға аманатқа берген Әбілмәмбет хан

Шамамен 1690 жылы дүниеге келген Әбілмәмбет Жәнібек ханнан тараған өзге де Барақ, Күшік, Батыр сұлтандар сияқты беделді сұлтан болды. Хан сарайында лайықты тәлім-тәрбие алды. 1739 жылы Орта жүз ханы Сәмеке қайтыс болып, Әбілмәмбет билікке келеді. 1739-1742 жылдарда жоңғар жағы қазақ еліне бірнеше рет кең ауқымды жорықтар жасағаны белгілі. Өйткені, бұл кезде жоңғарлар Қытаймен арадағы қарым-қатынаста бейбіт келісімге келген болатын. Сондықтан олар барлық қарулы күшін қазаққа қарай бағыттады. Алғашқы 1739 жылғы жорықта 10-15 мың қалмақ жан-жақтан шабуыл жасап, Әбілмәмбет пен Барақ сұлтанға тиесілі аумақтарды зор шығынға ұшыратты. Әбілмәмбет хан бола тұра адамдардың басын қосып, жасақ құрып, қуатты қарсылық ұйымдастыра алмады. Екінші жорық 1740 жылы болды. Бұл жолы Әбілмәмбет пен Абылай бастаған 2 мың адамдық қол қалмаққа қарсы тұрды. 1741 жылғы үшінші жорықта 30 мыңдық жоңғар әскерін ноян Септен мен қонтайшының ұлы Лама-Доржы бастап келді. Бұл жолы да жоңғарлар Орта жүзді көктей өтіп, Тобыл, Есіл өзеніне дейін барады. Қарапайым халық тағы да көп шығынға ұшырайды. Осы жолы Орта жүз сұлтаны Абылай жоңғарларға тұтқынға алынады. «Екінші Ақтабан» кезінде қалмақтан қашқан ел орыс бекіністеріне жақынырақ көшеді. Тіпті, Әбілмәмбет те өзіне қарасты ауылдармен бірге орыс бекіністеріне жақынырақ қоныстанған. Осыны сәтті пайдаланған Ресей жағы қазақтардан тағы да ант беруді талап етті. Сөйтіп, 1740 жылдың тамыз айында Кіші жүз бен Орта жүздің өкілдері Орынбор әкімшілігіне келіп, ант берді. Екі оттың ортасында қалған Әбілмәмбет қазақ жағының қарсылық көрсетуге шамасы жетпейтінін сезіп, жоңғарлармен келісімге келуге тырысты. Оның бұл қадамына қалмақтар ауыр талаптар қояды. Қалдан Серен беделді қазақ билеушілерінің балаларын аманатқа беріп, қомақты көлемде салық төлеп тұруға міндеттейді. Сонымен бірге бүкіл қазақ билеушілерінің Түркістанға қоныстануын талап етеді. Қалмақ елшісі Қалдан Сереннің «Егер бұл айтқандарды орындамасаңдар, Орта жүз бен Кіші жүздің әрқайсысына бір-бір зайсанға бастатып әскер жіберемін де, қазақтарды қырғынға ұшыратамын» деген қоқан-лоққысын да жеткізеді. Қанша ауыр болса да, амалы құрыған Әбілмәмбет бұл талаптармен келіседі де, 1742 жылы күзде өз баласы Әбілпейіз бен Нияз батырдың ұлын аманатқа береді. 1743 жылы Абылай жоңғар тұтқынынан босап шығады. Осы кезден бастап бүкіл Орта жүздің саяси тізгіні соның қолына көшеді, ал Әбілмәмбет Түркістанға қоныстанады. Тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевтың айтуынша, оның ұлы Әбілпейіз әкесінің соңынан ермей, Абылайдың қасында қалып қойған. «Әбілмәмбет хан 1739-1742 жылдардағы жоңғарлармен болған соғыстарда шебер ұйымдастырушылық, саяси көрегенділік, әскери қолбасшылық қасиеттерімен көріне алмайды. Мұны бүкіл Орта жүз халқы да, Ресей басшылығы да байқайды. Ханның Түркістан жаққа кетуімен қырдағы Орта жүздің саяси өмірінде Абылай сұлтан мен Барақ сұлтанның белсенділігі артады. Ресеймен де, Жоңғариямен де қарым-қатынаста осы екі сұлтанның атынан сауда-саттық, тұтқындар алмасу, керуендердің қауіпсіздігі мәселелері бойынша елшіліктер жиі алмасады», дейді ғалым. Тіпті, 1749 жылы Жәнібек Тархан «Орта жүзді бүгінде Абылай сұлтан билеп отыр» деген екен. Расымен де Түркістанға кеткен соң Әбілмәмбет хан болса да, Орта жүздің өміріне араласқан жоқ, өле-өлгенше сол томаға-тұйық күйінше өзімен-өзі қала берді. 1743 жылдан кейінгі деректерде оны Қалдан Сереннің қол астындағы хан деп атаған. Бұл «мәртебе» 1757 жылы Жоңғар мемлекеті құлағанға дейін оның есіміне жамалып айтылып жүрді. 1762 жылы Әбілмәмбеттің жан-жағындағы ел Сәмекенің ұлы Есім сұлтанды қолдайды да, сұлтан Әбілмәмбетті Түркістаннан қуып жібереді. Қаракесек Қазыбек бидің, Абылай мен басқа да сұлтандардың араласуымен бұл дау әупіріммен шешіліп, Есім мен Әбілмәмбет Түркістанның билігін бөліп алады. Мұның өзі ханның аз ғана абыройын барынша түсіріп жіберді. Әбілмәмбет 1771 жылы 80 жасында өмірден өтті. Оның ұлы Әбілпейіз хандықтан өзі бас тартып, жолын Абылайға берген. Өйткені, Абылай ресми түрде хан болмаса да, Орта жүзді соңғы 30 жыл бойы билеп келген болатын. Әбілмәмбеттің соңында Болат, Әбілпейіз, Тәуке және Әбүлтек есімді ұлдары қалған. Олардың әрқайсысы өзіне қатысты руларды ғана басқарған, жоғары билікке араласпаған. Жанат Қапалбаева