Петиция: ел тұрғындарын толғандырған басты 4 мәселе

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде петиция институтының құрылғанына 1 жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта арнайы әзірленген epetition.kz порталында орналастырылған 102 петицияның тек төртеуі ғана өтінішті қарау үшін қажетті ел азаматтарының қолын жинай алған екен. Бір қызығы TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының Otinish.kz деп аталатын жобасы да бар. Онда 80 петиция орналастырылған. Бұл портал «Қоғамдық бақылау туралы» заң тіпті әзірленбей тұрып іске қосылған.

Петиция
Коллаж: Canva

Есте болса, 2021 жылдың 15 қаңтарында 7-ші шақырылған Парламенттің 1-ші сессиясын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн петиция институтын заң жүзінде рәсімдеу керектігін айтқан болатын. Осыдан кейін нақты жұмыстар қолға алынып, өткен жылдың мамырында Мәжіліс «Қоғамдық бақылау туралы» заңды қабылдады. Осылайша, азаматтардың елдегі қоғамдық-саяси өмірге еркін араласуына тең мүмкіндік беру жолында нақты қадам жасалды.

Әкімшілік-рәсімдік кодексте петиция беру және қараудың рәсімдері жеке қосымшамен реттелген. Республикалық басқару нысаны, әкімшілік-аумақтық құрылым, шекараларды өзгерту, сот төрелігі, рақымшылық, ұлттық қауіпсіздік сияқты мәселелер бойынша петиция беру мүмкіндігі болмайды. Тақырыптар тізімі қабылданған заңда берілген, онда 17 тармақ бар.

Ел көлеміндегі ауқымды мәселе болса, онда петиция шығару үшін кем дегенде 50 мың дауыс жиналуы керек. Облыстық деңгейдегі проблема болса, онда сол өңір халқының 2 пайыз дауысы болуы тиіс. Ал тек облыс әкімдігіне қатысты мәселе туындаса, ол жағдайда өңір тұрғындарының 1 пайыз дауысы талап етіледі. Үкімет тарапынан қаралу үшін 50 мыңнан астам қолдаушы болуы керек. Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган бірқатар іс-шара жүргізеді, жұмыс тобын құрады. Қоғамдық талқылау жүргізеді.

Петицияны талқылауға шығаруға дауыс жетпеген жағдайда, құзырлы органдар ол мәселені халықтың өтініші ретінде міндетті түрде қарап, оған нақты жауап берілуі қажет. Петиция электронды және қағаз түрінде қабылданады. Еліміздің көптеген ауылында интернет байланысы нашар не тіптен жоқ. Петицияны тек электронды түрде қабылдаса, онда интернет жоқ елді мекен тұрғындары оған қатыса алмайды. Сондықтан оларға қағаз түрінде ұсынуға рұқсат берілген.

Сонымен, сөз басында петиция жарияланатын 2 порталдың бар екендігін атап өттік. Біріншісі - «Е-Петициялар» ақпараттық жүйесі. Оны «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы әзірлеген. Демек, петицияларды ресми қабылдайтын портал осы деген сөз. Осы порталда орналастырылған 102 петицияның тек төртеуі ғана өтінішті қарау үшін қажетті 50 мың қол жинай алғанын айтқан едік. Петициялардың ішінде тіпті 500 қол жинай алмағандары да кездеседі. Ал шекті мәнге жеткен петициялар мыналар:

  1. «ҚР-да ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз!» (2024 жылдың 29 мамырында жарияланған);
  2. Уақытты кері артқа қайтару (2024 жылдың 22 сәуірінде жарияланған);
  3. ҚР халқы утильалым мен бастапқы тіркеуге қарсы (2024 жылдың 10 мамырында жарияланған);
  4. Шенеуніктерге құмар ойын ойнауға тыйым салу (2024 жылдың 29 мамырында жарияланған).
петиция
Фото: Kazinform

Ел азаматтары ЛГБТ-ны жасырын да насихаттауға қарсы

1 тамызда «Қазақстан Республикасында ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға қарсымыз!» петициясы бойынша шешім жобасына жария талқылау өтті. Нәтижесінде уәкілетті орган «Жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды насихаттау мен культ қылудан қорғау, алшақтату» талаптарына қатысты петицияны ішінара мақұлдау туралы шешім қабылдады. Демек, балалар аудиториясына сексуалды контент таратуға шектеулер енгізу қажеттілігі қарастырылды. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл шешім алдын ала және елдегі негізгі заңның ережелеріне, халықаралық және ұлттық нормативтік құқықтық құжаттардың талаптарына, отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында көрсетілген мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарына сәйкес келетінін атап өтті.

«Сонымен қатар, министрліктің шешімі «Бала құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының заңына және Конвенцияға негізделеді. Заңға сәйкес мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар баланы әлеуметтік ортаның, қандай да бір ақпараттың, оның денсаулығына, адамгершілігіне және рухани дамуына зиян келтіретін насихат пен үгіттің кері әсерінен қорғауға міндетті», - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметінен.

Осы петицияға байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да арнайы үндеу жасады. Оның атап өтуінше, осы уақытқа дейін істелген жұмыс петиция бойынша түпкілікті шешім қабылдауға жеткіліксіз. Зерттеулер мен талқылаулар қазіргі уақытта бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды жалғастырып, мәселені жан-жақты зерделеп, оны реттеудің нақты тетіктерін әзірлеу керектігін көрсетті. Бұл уақытты қажет етеді.

«Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұстанымы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан, балаларға жыныстық қол сұғуға қарсы қылмыстардың өсуі аясында жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды отбасының ішінде дәстүрлі емес қатынастарды насихаттау мен культ жасаудан қорғау талабы өзекті әрі қажет. Балаларымыздың ақпараттық қауіпсіз ортада өсіп, дамуы аса маңызды. Біздің ұрпақ алдындағы парызымыз оларға дұрыс рухани, адамгершілік бағыт-бағдар беріп, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды бойына сіңіру. Сондай-ақ, ұлттық мәдени мұраны ұстануға, генетикалық кодты сақтауға жағдай жасау өте өзекті», - дейді А. Балаева.

Уақыт кері қайтарылмайды

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, «Уақытты кері қайтару» петициясы бойынша жұмыс тобы ұсынылған барлық деректер мен дәлелдемелерді, ғылыми зерттеулер мен ұсынымдарды зерделей отырып, Қазақстан Республикасының бірқатар өңірін бір сағатқа кері ауыстыру табиғи күн циклдеріне сәйкес келетінін және ғылыми зерттеулер мен ұсынымдарға негізделгенін растаған. «UTC + 5» уақыт белдеуі Қазақстан Республикасы аумағының көп бөлігінде табиғи циклге барынша жақын стандартты уақыт белдеуі саналады.

«Стандартты уақыт белдеуінің оң әсері туралы негізделген халықаралық ғылыми зерттеулерді және уақыттың ауысуы халықтың денсаулығына кері әсер еткенін растайтын деректердің болмауы негізінде Сауда және интеграция министрлігі петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады», - деген еді министр.

Арман Шаққалиев Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері «UTC + 5» уақыт белдеуінің халық денсаулығына қалай әсер ететінін үш жыл бойы зерттеуді ұсынғанын еске салады.

уақыт
Коллаж: Kazinform

Утильалым алынбайды

Осы жылдың 19 шілдесінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утильалым мен алғашқы тіркеуге қарсы петиция талаптарын қанағаттандырмайтынын мәлім етті.

«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғам белсенділері арнайы жұмыс тобын құрып, утильалым мен алғашқы тіркеуге қатысты петицияны қарастырды. Ашық қоғамдық талқылау нәтижесінде, петиция талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды», – деген еді министр.

«Жасыл Даму» АҚ мәліметіне сәйкес 2022-2023 жылдары жиналған утильалымның жалпы сомасы 447,3 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасы үшін 426,49 млрд теңге төленді, бұл - жалпы утильалымның 95 пайызы. Қалған 20,8 млрд теңге — тауарлар мен қаптама үшін алынған төлем. Сондай-ақ, төлемдердің жартысына жуығы (201,86 млрд теңге) көлік құралдарын импорттаушылардан түскен.

утиль
Фото: Midjourney

Өткен айда Үкімет отырысынан кейін ұйымдастырылған брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Ресейде утильалым мөлшерінің қымбаттауы Қазақстандағы нарыққа қалай әсер ететінін айтқан еді.

«Көрші елдердің утильалым мәселесінде қандай тәсіл қолданатынын назар аударып көріңіздерші. Олар утильалымды алып тастауды қойып, құнын көтеріп жатыр. Қырғыз Республикасы Chevrolet Cobalt және Onix өндіретін желіні іске қосқан екен. Енді олар да утильалым енгізбекші. Бұл жерде түсіну керек, Қазақстан утильалым мен алғашқы тіркеу мөлшері бойынша маңайымыздағы көрші елдерден қалып қойдық», - деген еді министр.

Расында да Ресей 2024 жылдың 1 қазанынан бастап утильалым мөлшерлемесін көтергелі отыр. Мәселен:

  • қазір іштен жанатын қозғалтқыш көлемі 1 литрлік көліктерге утильалым сомасы – 81 200 рубль (Ұлттық банктің бүгінгі ресми бағамында 1 рубль 5,27 теңге болғанда 427 924 теңге) болса, 1 қазаннан 150 200 рубльге (791 554 теңге);
  • көлемі 2 литрге дейінгі көліктерге 300 600 рубльден (1 584 162 теңге) 556 200 рубльге (2 931 174 теңге);
  • көлемі 3 литрге дейінгі көліктерге 844 800 рубльден (4 452 096 теңге) 1 562 800 рубльге (8 235 956 теңге);
  • көлемі 3,5 литрге дейінгі көліктерге 970 000 рубльден (5 111 900 теңге) 1 794 600 (9 457 542 теңге) рубльге;
  • көлемі 3,5 литрден асатын көліктерге 1 235 000 рубльден (6 508 450 теңге) 2 285 200 рубльге (12 043 004 теңге);
  • электромобильдер мен гибрид көліктерге 32 600 рубльден (171 802 теңге) 2025 жылдан бастап 667 400 рубльге (3 517 198 теңге) қымбаттайды.

Айта кетерлігі, еліміздің өңірлерінде тәлімбақтарды көбейту, өртті ерте анықтау жүйелерін утильалым есебінен жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Шенеуніктердің арасында лудомандар болмауы тиіс

Төртінші петиция еліміздің Туризм және спорт министрлігіне бағытталған болатын. Мемлекеттік органның петиция авторына қайтарған жауабында ұсыныс толығымен қолдау табылғаны айтылған.

«Мемлекеттік, бюджет, әскери қызметшілерге, ҰҚК, ҰҚК және басқа да күштік құрылымдардың қызметкерлеріне құмар ойын ойнауға толығымен және мүлтіксіз тыйым енгізу қажет. Бұл біздің шенеуніктер айтуды жақсы көретін «жемқорлық тәуекелдерді төмендетеді. Шенеуніктеріміз әлі де болса халықаралық тәжірибеге сілтеме жасағанды жақсы көреді. Айталық, Филиппин, Моңғолия сынды елдерде мұндай тыйым қазірдің өзінде қолданады. Біздің шенеуніктердің арасында лудомандар болмауы тиіс», - делінген министрлік жауабында.

казино
Фото: Pixabay

Айта кетерлігі, осы жылдың 8 шілдесінде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталған құжатқа сәйкес, құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар (атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер банкі) қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады. Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар