Петиция институты: Азаматтық бастамалар қазақстандықтардың өміріне қалай ықпал етуі мүмкін

петиции
Коллаж: Kazinform/Midjourney

2024 жылдың сәуірінен бастап елімізде петиция институты толыққанды жұмыс істей бастайды. Осы орайда петиция не үшін қажет, оның қандай пайдасы бар және әлемнің түрлі елдерінде азаматтық бастамалар халық өміріне қалай ықпал етіп жатыр — осы жайлы Kazinform тілшісінің материалынан оқыңыздар. 

Петиция дегеніміз не?

Петиция (латын тілінде Petitio — сұрау салу) — бұл ұжымдық өтініш түріндегі азаматтардың талабы, сауалы немесе өтініші екендігі белгілі. Бастапқы кезеңде қоғамдық билікке өтініш жіберу институтының пайда болуы халықтың жекелеген топтарының белгілі бір авторитарлық биліктің әрекеттеріне табиғи реакциясына байланысты болды.

Бастапқыда ол стихиялық қоғамдық қозғалыс ретінде қалыптасты. Тек уақыт өте келе петициялардың бағыты белгілі бір мемлекеттердің ұлттық саяси, құқықтық және тарихи ерекшеліктерін ескере отырып, өзінің конституциялық-құқықтық бекітілуіне сеп болды.

Петиция тарихы тереңде жатыр. Тіпті мысырлық пирамидалармен тағдырлас десек те артық айтқан емес.

Біздің заманымызға дейінгі 23-20 ғасырларда алып тас блоктарды тасуға жегілген жұмысшылар өздерінің еңбек жағдайларын жақсарту үшін фараондарға талаптарын қойып, петиция жолдаған деген дерек те бар.

Дәл осы тәжірибе ғасырдан ғасырға ұласып, жалғасып тауып келе жатыр.

Қай елдерде петицияны қарау міндетті?

Барлық дерлік демократиялық мемлекеттерде жалпыға бірдей танылған конституциялық стандарт — бұл мемлекеттік органдардың, олардың лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің азаматтардың бастамаларын қарау міндеті.

Яғни, заңнамада белгіленген мерзімде бірлестіктердің өтініштеріне негізделген жауап беруі тиіс.

Азаматтардың билік органдарына өтініштер жіберу құқығы ең бірінші болып реттелген ел — Ұлыбритания. Бұл ел конституциялық құқық ғылымында конституционализмнің отаны саналады.

Ұлыбританияда 200-ден астам азамат қол қойған петицияны мемлекеттік қызметтер қарауға міндетті. Интернет қажетті қолдарды жинауды едәуір жеңілдетті және азаматтар мен сайланған мемлекеттік билік өкілдерінің диалогын жетілдірді.

Біріккен Корольдікте азаматтар мен резиденттер петицияны ел Үкіметі мен Парламентінің сайты арқылы бере алады.

10 мың қолы болған кезде петиция Үкімет деңгейінде қаралады, ал 100 мың қолы бар петициялар Парламент депутаттарының отырысы барысында талқылауға шығарылады.

Бұл ретте петиция Ұлыбритания Үкіметі немесе қауымдар палатасы тарапынан нақты іс-қимылдарға шақыруға және Үкімет немесе қауымдар палатасы тікелей жауапты жайттарға қатысты болуға тиіс.

Португалия, Шотландия немесе Люксембургте барлық өтініштерге Парламенттің веб-сайтында жариялануына кепілдік беріледі.

Германияда тек «қоғамдық петициялар» ретінде қабылданған петициялар жарияланады. Алайда, Еуропа парламенттерінің көпшілігі әлі күнге дейін петиция мәтіндерін желіде жарияламайды.

Ирландия мен Еуропалық парламент жағдайында петицияның қысқаша мазмұны (әдетте бір абзацтан аспайды) ғана интернетте жария етіледі.

Францияда петицияны құзыретті тұрақты комитеттерге Ұлттық жиналыстың (Парламенттің төменгі палатасы) төрағасы бөледі және шешім қабылдау үшін тиісті министрге, басқа комиссияға жіберу туралы шешім қабылдайды немесе мәселені Ұлттық жиналыстың қарауына ұсынады.

Қазақстандағы петиция институты

Елімізде бұл бастама 2024 жылдан бастап жұмыс істейді.

Осы жылдың 2 қазанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Құжатта петиция институтының регламенті айқындалған. Яғни, заңда «петиция» түсінігі айқындалып, оларды беру және қарау тәртібі бекітілген.

Заңда петицияны Қазақстан азаматтары арнаулы интернет-портал арқылы беру қажеттігі де көрсетілген.

Таяуда Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров аталған Заңның негізгі тұстарын түсіндірген еді.

«Заң Қазақстанда қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуді көздейді. Біріншіден, заңда қоғамдық бақылау, субъектілер мен объектілер, қоғамдық бақылауды жүзеге асырудағы мүдделер қақтығысы, қоғамдық бақылау нәтижелері туралы қорытынды құжат, қоғамдық бақылау тобы, сондай-ақ дәлелді жауап ұғымы берілген. Қоғамдық бақылау объектілері мен субъектілері анықталды», — деді ол.

Екіншіден, заң қоғамдық бақылаудың мақсаты мен міндеттерін анықтайды. Қоғамдық бақылау субъектілерінің заңдылығы, жариялылығы, ашықтығы, ерікті қатысуы мен тәуелсіздігі сияқты қоғамдық бақылау қағидаттары белгіленген.

Үшіншіден, заңда қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалған. Қоғамдық бақылау жеке және қоғамдық бақылау топтарында жүзеге асырылады.

Қоғамдық бақылауды іске асыруға 18 жасқа толмаған, өтелмеген соттылығы бар, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған, бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, экстремистік және террористік қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған азаматтар жіберілмейді.

Бұдан басқа, шетелдік қатысуы бар, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдар шектеледі.

Төртіншіден, қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің құқықтары мен міндеттері нақтыланды.

Бесіншіден, қоғамдық бақылаудың негізгі нысандары ретінде қоғамдық талқылау, қоғамдық сараптама, қоғамдық мониторинг ұсынылады. Сонымен бірге, Заң қоғамдық бақылау нысандарын шектемейді.

Қоғамдық бақылау ҚР заңнамасында белгіленген басқа нысандарда да жүзеге асырылуы мүмкін.

Алтыншы, қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау регламенті белгіленді. Осылайша, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күн мерзімде қарауға және дәлелді жауап жіберуге тиіс.

Сонымен қатар ол қандай мәселе бойынша петиция беруге болмайтынын да айтқан болатын.

«Әкімшілік-рәсімдік кодексте петиция беру және қараудың рәсімдері жеке қосымшамен реттеледі. Республикалық басқару нысаны, әкімшілік-аумақтық құрылым, шекараларды өзгерту, сот төрелігі, рақымшылық, ұлттық қауіпсіздік сияқты мәселелер бойынша петиция беру мүмкіндігі болмайды. Тақырыптар тізімі жарияланған заңда берілген, 17 тармақ бар. Ең басты новелла петицияны қарастыру шегі егер аудандық жерде қарастырылатын болса, онда 2,5 мың аудан халқының қолдауы қажет болады. Ал егер Үкімет тарапынан қаралу үшін 50 мыңнан астам қолдаушы болуы керек. Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган бірқатар іс-шара жүргізеді, жұмыс тобын құрады. Қоғамдық талқылау жүргізеді», — деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана бере алады. Шекті мәнге жетпеген петициялар үндеу ретінде Әкімшілік-рәсімдік кодекс бойынша қарастырылады.

Заң алғаш ресми жарияланған күнінен 6 ай өткенде күшіне енеді, яғни 2024 жылғы 4 сәуірден бастап азаматтар «Е-Өтініш» ақпарат жүйесі арқылы онлайн петиция бере алады.

Интернеті жоқ қазақстандықтардың мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті органға жазбаша арыз жазып, жүгінуіне мүмкіндік бар.

Соңғы уақытта елімізде де белгілі бір қоғам арасында дүрбелең туындатқан оқиғаларға байланысты бұқаралық петициялар легі де көбейіп кеткені белгілі.

Тұрғындар да кез келген сорақы фактінің тұмшаланбай, жалпыға жария болуына тырысып жүр.

Бұл қазақстандық қоғамның азаматтық пісіп-жетілгенін білдірсе керек-ті.

Мәселен, 2021 жылы әйелдердің құқығына қатысты жарияланған петиция қайтадан өзекті болып, бүгінде 60 мыңнан астам адамның қолын жинап отыр.

Сондықтан да Президент бастамасымен елімізде петиция институтының құрылуы қазақстандықтардың мемлекет басқаруға қатысын қамтамасыз етуді мақсат еткені түсінікті.

Өйткені, азаматтық қоғам петиция арқылы өздерінің ой-пікірін билік өкілдеріне еркін жеткізе алады.

Ал оның мемлекеттік органдар мен Үкіметтің шешім қабылдауына қаншалықты ықпал ететінін уақыт көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар