Петропавл әкімдігі пәтерді екі есе қымбат бағаға сатып алмақ болған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бюджеттің 505 млн теңгесін үнемдеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов атқарылған жұмыс туралы баяндады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмысының бір бағыты - мемлекеттік сатып алу жүйесін үнемі назарда ұстап, бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол бермеу.
«Мемлекеттік сатып алуды жоспарлау кезеңінде де тауарлардың құнын жасанды түрде көтерудің алдын алу мақсатында күнделікті мониторинг жүргізіледі.
Осы бағыттағы профилактикалық жұмыс бюджет қаражатын неғұрлым үнемді және тиімді бөлуге мүмкіндік береді.
Нәтижесінде 27 тауарды сатып алуға жоспарланған 505 млн теңге сомасының сатып алу құны төмендетілді. 22 мемлекеттік орган бағаны төмендету бойынша шаралар қабылдады», - дейді Айдос Жүнісов.
Сатып алу құнын төмендеткендердің ішінде «Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС де бар. Олар жазғы дизель отынын сатып алу бағасын 2 есеге қысқартты, литрін 450 теңгеден 263 теңгеге дейін төмендетіп қайта қарады, осылайша 243,1 млн теңге бюджет қаражатының ұтымсыз жұмсалуына жол берілмеді.
«Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 4 бөлмелі пәтерді 63,8 млн теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін әкімші Мемлекеттік сатып алу жоспарына осы тармақ бойынша өзгерістер енгізді, осылайша 35,1 млн теңге үнемделді», - дейді Айдос Жүнісов.