Петропавл — Қорған тас жолы «сақалды» құрылысқа айналған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Халықаралық маңызы бар «Петропавл-Қорған» тас жолының салынып жатқанына биыл 8 жыл болды.

Күрделі жөндеу 2017 жылы басталды. Халықаралық трассаның 60 км жөндеуге ел қазынасынан 27 млрд теңге бөлінді. Жоспар бойынша бұл ауқымды жоба 2019 жылдың күзінде тапсырылуы керек еді. Алайда содан бері тек 15 шақырым ғана асфальт төселген.
«Қазавтожол» ҰК» АҚ СҚО филиалы мамандардың айтуынша, бұл — қозғалыс күні-түні бәсеңдемейтін трассалардың бірі, тәулігіне орта есеппен 3 мыңнан астам көлік жүреді.
— Сегіз жылда құрылыс материалдарының бағасы айтарлықтай өсті. Сондықтан жоба түзетуге жіберілді. 2023 жылдың қаңтар айында басқа мердігермен келісім жасалды. Қазір олар тиісті жұмысты атқарып жатыр. Республика қазынасынан қаржы уақытында түссе, жөндеу жұмыстары жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс, — дейді филиал директорының орынбасары Андрей Червонюк.
СҚО-ға 2023 жылы жұмыс сапарымен келген Көлік министрі Марат Қарабаев құрылысы созылып кеткен бұл жолдың 2024 жылы пайдалануға берілетінін сендірген еді.
Бұған дейін СҚО-да республикалық маңызы бар Жезқазған — Петропавл тас жолының жөнделіп жатқанын жазған едік.