Петропавл көшесінде «Газель» көлігі тракторға соғылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Газель» көлігінің жүргізушісі алдында келе жатқан көлікті басып озамын деп тракторға соғылып, оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл көшесінде «Газель» көлігі тракторға соғылды

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 12 маусым күні сағат 22.00 шамасында болған.

«ГАЗ 33021-212» автокөлігінің 51 жастағы жүргізушісі Жамбыл көшесімен Челюскин көшесі бағытында келе жатып, алдындағы көлікті басып озбақ болған. Алайда қауіпсіз аралықты сақтамай бір бағыттас John Deere тракторына соғылған. Трактор кран артып алған екен. Көлік апатынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, «Газель» жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Алайда іздеу шаралары аясында полицейлер оны көп ұзамай тауып, жүргізушіге қатысты екі бап бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Материал сотқа жіберіледі.

«ГАЗ 33021-212» автокөлігі айып тұрағына қойылды.