Петропавл мектептеріне жасанды интеллект жүйесі бар бейнекамералар қойылып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Балалардың қауіпсіздігі үшін Петропавлда пилоттық жоба қолға алынды. Жасанды интеллекті бар бейнекамералар буллинг белгілерін бірден анықтайды.

камера
Фото: СҚО білім басқармасы баспасөз қызметі

Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының мәліметінше, пилоттық жобаға бірінші болып Петропавлдағы Ә.Бөкейханов атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектепте қосылды. Қазір білім ордасында осындай сегіз камера жұмыс істеп тұр.

камера
Фото: СҚО білім басқармасы баспасөз қызметі

- Биыл қараша айының соңында біздің мектептегі бейнекамераларға «Protector AI» жүйесі қосылды. Оның ерекшелігі – балалар арасындағы қақтығысты бірден анықтайды. Небәрі 8 секунд ішінде жазба жүйені жасаушылар және мектеп директорлары отырған Telegram каналға түседі. Сол сәттен бастап психологиялық қызмет мамандары - біз мән-жайды анықтауға кірісеміз, балаларды, сынып жетекшілерін шақырып, бұл оқушылардың арасындағы ойын ба, әлде агрессия, күш көрсетіп қорлау ма екенін білеміз, - дейді мектептің әлеуметтік педагогы Бағлан Жақыпова.

Бір айдың ішінде осы жүйе арқылы Telegram каналға бірнеше бейнежазба келіп түскен. Тексере келе, буллинг фактісі расталмады.

бейнекамера
Фото: СҚО білім басқармасы баспасөз қызметі

- Бұл жүйе мектептерге керек, өйткені сынып жетекшілері, ұстаздар кейде оқушылар арасындағы кикілжіңді көрмей қалуы мүмкін. Ал бұл жасанды интеллект бар бейнекамералар тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан балалар бір сәт қараусыз қалмайды. Қандай да бір жағдай болып қалса біз дер кезінде көріп, мәселенің алдын аламыз, - дейді Бағлан Жақыпова.

Қауіпсіздік жүйесін елордалық компания ұсынған. Ел бойынша СҚО-да тәжірибеден өтіп жатыр.

бейнекамера
Фото: СҚО білім басқармасы баспасөз қызметі

- Бұл жүйені енгізу әр мектептің өз еркінде. Қазір мектептерге оқушы санына байланысты қаржыландыру беріледі, яғни қорлары бар. Сол қордан ақшаны бөліп, бұл жүйені сатып алады. Нәтижесі мектеп директорларының жиынында көрсетілді. Бірқатары жаңа жылдан бастап өз мектептеріне қоятын болды, - дейді СҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

Естеріңізге салайық, былтыр ақпан айында Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке қаруланып келіп, бірнеше баланы балтамен жарақаттаған еді.

бейнекамера
Фото: СҚО білім басқармасы баспасөз қызметі

 

 

Соңғы жаңалықтар