Петропавл ЖЭО-2-нің жаңа түтін мұржасы іске қосылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда 2-Жылу-электр орталығының құлаған мұржасының орнына салынған жаңасы пайдалануға дайын.

Петропавл ЖЭО-2-нің жаңа түтін мұржасы тәжірибелік іске қосылды
Фото: "СЕВКАЗЭНЕРГО" АҚ баспасөз қызметі

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін ЖЭО-2-де № 1 түтін мұржасының тәжірибелік-өндірістік іске қосылуы сәтті өтті. Бұл сынақтың басты мақсаты — техникалық сипаттамаларды өлшеу және түтін газдарын автоматты түрде бақылау жүйесін баптау болды.

— Жоба аясында жабдықтарды ауыстырып қосу және таңбалау-бояу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осыдан кейін түтін мұржасын толық өндірістік пайдалануға енгіземіз, — деді Петропавл ЖЭО-2 директоры Дмитрий Захаров.

Мамандардың айтуынша, мұржа діңін бетондау жұмысы былтыр 5 тамызда басталып, құрылыс рекордтық мерзімде — 73 күн ішінде аяқталды. Мұржаға қорғаныс қалпағы, баспалдақтар, жарықтандыру алаңдары, балкондар, сыртқы жарықтандыру және найзағайдан қорғау жүйелері орнатылды. Мұржа биіктігі — 180 метр, бұл бұрыннан бар № 2 және № 3 түтін мұржаларынан 30 метрге биік.

Биыл наурыз айында түтін мұржасында жұмыстар жанданып, діңінің ішкі бетіне тоттануға қарсы қорғаныс қабаты жағылып, 1-ден 4-ке дейінгі қазандық агрегаттарына тартылған газ құбыры қосылды. Сонымен қатар, қоршаған ортаға таралатын шығарындыларды бақылаудың автоматтандырылған жүйесі орнатылды.

Естеріңізге салайық, 2022 жылы 20 наурыз күні сағат 19.20-да Петропавлдағы жылу-электр орталығында түтін мұржасы жартылай құлады.  Салдарынан жұмысшы әйел оқиға орнында мерт болды
2-ЖЭО жартылай құлаған мұржасы бұзып алынды.
Алайда жаңадан салына бастаған ЖЭО-2 мұржасын қисайып кетуіне байланысты қайта бұзуға тура келді

Соңғы жаңалықтар