Петропавл ЖЭО-2 жаңа түтін мұржасы қолданысқа дайын

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы 2-ші жылу-электр орталығының жаңа түтін мұржасында сырлау жұмыстары мерзіміне бір ай бұрын аяқталды.

Петропавл ЖЭО-2 жаңа түтін мұржасы қолданысқа дайын
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, биіктігі 180 метр болатын жаңа түтін мұржасында сырлау жұмыстары 25 маусымда басталып, тамыз айында аяқталады деп жоспарланды. 

Мұржа дәстүрлі қызыл-ақ жолақты түске сырланды. Мұндай түске бояудың бірнеше себебі бар, соның бірі — авиациялық қауіпсіздік талаптары. Ашық, көзге көрінетін түстер әуе көліктеріне алыстан көрінеді. Сондай-ақ, нысанға жоғары температура мен коррозияға төзімді арнайы сырлар қолданылған. Тағы бір ерекшелігі — мұржа бетіндегі ақаулар мен өзгерістерді сырттай бақылауды жеңілдетеді.

Сонымен қатар, мұржаның айналасындағы шолу алаңдары да сырланды. Қазір мамандар жаңа мұржаға технологиялық жабдықтарды кезең-кезеңімен қосу және ауыстыру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Жаңа мұржаның құрылысы өткен жылдың 5 тамызында басталып, небәрі 73 күн ішінде аяқталды. Соңғы бетон құйылымы 16 қазанда жүзеге асқан. 

Жаңа мұржаның биіктігі — 180 метр. Бұл қазіргі қолданыстағы № 2 және № 3 мұржалардан 30 метрге биік.

Биыл наурыз айында мұржа астындағы техникалық бөлмені жабдықтау жұмыстары басталды. Ішкі бетіне арнайы коррозияға қарсы қорғаныс жағылып, 1-ден 4-ші қазандыққа дейінгі негізгі газ өткізгіш жолдары жаңа мұржаға қосылды. Сонымен қатар, қоршаған ортаға таралатын зиянды заттарды бақылауға арналған автоматтандырылған жүйе орнатылған.

Мамандардың айтуынша, нысанды толықтай іске қосу алдағы 2025-2026 жылғы жылыту маусымының басына жоспарланған.

Маусым айының басында 2-Жылу-электр орталығының құлаған мұржасының орнына салынған № 1 түтін мұржасының тәжірибелік-өндірістік іске қосылуы сәтті өткенін жазған едік. 

Естеріңізге салайық, 2022 жылы 20 наурыз күні сағат 19.20-да Петропавлдағы жылу-электр орталығында түтін мұржасы жартылай құлады. Салдарынан жұмысшы әйел оқиға орнында мерт болды

2-ЖЭО жартылай құлаған мұржасы бұзып алынды.

Алайда жаңадан салына бастаған ЖЭО-2 мұржасын қисайып кетуіне байланысты қайта бұзуға тура келді.

Соңғы жаңалықтар