Петропавл жылыту маусымына дайын ба
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда биыл қолға алынған ауқымды жоба аясында 2,1 км жылу желісі ауыстырылады.
СҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облыстық әкімдіктің бастамасымен әзірленген жоба құны 5,7 млрд теңге, бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Биыл 1,1 млрд теңгеге 500 м ауыстыру жоспарланды. Алайда 700 м төселді.
- Тарифті өсірмей ұстаудың салдарынан өңірде жылу желілерінің тозу деңгейі жоғары. Тағы бір мәселе – жылда 138 мың Гкал немесе 500 млн теңге жылу энергиясын жоғалтамыз. Олар шығындардың тарифтік сметасына енгізілмеген.
«Петропавл жылу желілері» ЖШС де қазіргі таңда жылу жүйелерін жаңарту бойынша бірқатар жұмысты атқарып жатыр. Жылыту маусымына дайындық барысында 0,9 шақырым жылу желісін реконструкциялауды жоспарласа, соның 0,5 км орындалды.
6,37 шақырым магистральдық және тарату желілерін жөндеу жоспарланса, оның 6 шақырымы аяқталды. Бұл мақсатқа жалпы 1,5 млрд теңге бөлінген, - дейді басқарма басшысының орынбасары Қуандық Шақубаев.
СҚО-да электр энергиясын тарату және желілерді пайдалану қызметтерін -«Солтүстік Қазақстан Электржелісін тарату компаниясы» АҚ– 8 аудан мен Петропавл қаласына және «Көкшетау Энерго» ЖШС 5 ауданға көрсетеді.
Облыстағы жалпы электр желілерінің ұзындығы – 23 мың км болса, 4 мыңға жуық подстанция бар. Тозу деңгейі – 91,5%.
- Жаңа жылыту маусымына дайындық аясында 4,1 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда 420 км электр желісінің 313 км жөнделді. 42 подстанцияның орнына 43 подстанция жөнделді. 189,5 км желіні жаңғырту көзделген, соның 5 км орындалды.
«Көкшетау Энерго» ЖШС тарапынан 1 млрд теңге бөлінген. 1077 км желіні жөндеу жоспарланған, соның 911 км ауыстырылды. 11,7 км жаңартылса, 179 подстанцияның 172-сі жөнделді, - дейді Қуандық Шақубаев.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта қазандықтардың 94% дайын. Білім беру, денсаулық сақтау мекемелері жылуды қабылдауға әзір.
Көпқабатты тұрғын үйлер бойынша мәселе бар.
- Облыстағы 1453 үйдің 917-сі дайын, бұл – 63%. 677 көпқабатты үйде желілерді жуып-шаю жұмыстары өткізілді. Тек 20-сы ғана әзірге дайындық паспортын алды, - дейді басқарма басшысының орынбасары.
Былтыр Петропавлда жылыту маусымы 30 қыркүйекте басталды. Қала әкімінің қаулысынан кейін, әдетте он күн ішінде, алдымен әлеуметтік нысандарға кейін кезең-кезеңмен тұрғын ұйлерге жылу беріледі.
Бұған дейін СҚО-да көмір қорының 66% дайындалғанын жазған едік.