Петропавлда 10-қабаттағы пәтердің ашық терезесінде бала отырған
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда тұрғын үйдін жанынан өтіп бара жатқан адамдар 10-қабаттағы пәтердің ашық қалған терезесінде отырған 6 жасар қызды көрген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, «Бәйтерек» тұрғын үйге кешеніне дереу құтқарушылар жіберілген. Ашық тұрған терезеден баланың құлап кетуі мүмкін еді.
«Құтқарушылар келген сәтте, қауіпті сезінген қыз бала пәтерге кірген. Осы оқиғаға байланысты өрт сөндіру және апатты құтқару жұмыстары қызметінің психолог маманы Лаура Шайкенова 6 жасар Таисияның анасымен кездесті. Сол күні түнгі ауысымнан келген анасы ұйықтап қалған екен», - деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.
«Балалардың әуесқойлығы мен ата-аналарының салғырттығы салдарынан күн жылынған кезде балалардың абайсызда терезеден құлап кетуі жиілейді. Мұндайда масаға қарсы тор да құтқара алмайды. Ол қауіпсіз болып көрінгенімен, ауыр салмаққа шыдас бермейді. Сондықтан балаларды қараусыз қалдыруға болмайды», - делінген хабарламада.