Петропавлда 100 саяжай учаскесін су басты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Есіл өзені тасып жатыр. Бүгінде қала маңындағы 100 саяжай учаскесін су басып, «Новосібір-Челябі» халықаралық маңыздағы тас жолы жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда 100 саяжай учаскесін су басты

Петропавлдағы Есіл өзені суының деңгейі 12 сәуірден бастап күнделікті 40-45 см көтеріліп жатыр. «Қазгидромет» РМК СҚОФ берген мәлімет бойынша, бүгін таңертең су деңгейі 987 см жетті. Салдарынан «Новосібір-Челябі» тас жолының 529 шақырымын су басып, трасса уақытша жабылды.

«Облыс аумағында 19 гидрологиялық бекет бар. Мамандар күнделікті судың деңгейін, жылдамдығын, шығынын өлшеп, бұл мәліметті СҚО Төтенше жағдайлар департаментіне береді. Ал Департамент бірге су басу қаупі бар учаскелерге күнделікті мониторинг жүргізеді», - дейді «Қазгидромет» РМК СҚОФ директоры Қымбат Мерғалимова.

Бүгінде Петропавл су қоймасы 114 % толық. Қала маңындағы өзен алқабы суға толды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда жеке сектордағы тұрғын үйлерге су кірмегенімен, Тепличное, Заречный кенттеріндегі 100 саяжай учаскесі су астында қалды.


«240 адамды есепке алдық. Олар саяжай учаскелерінде уақытша тұрып жатқандар. Профилактикалық әңгіме жүргізілді, эвакуациялық пункттердің мекенжайы берілді. Су әлі келеді. Синоптиктердің болжамы бойынша, Есіл өзенінің шарықтау шегі алдағы екі-үш күнде болады. Тұрғындарға ескертіп жатырмыз», - дейді СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығының міндетін атқарушы Серік Наурызбаев.

Алдағы бірер күнде Петропавлдағы Заречный кентіндегі саяжай учаскелерін су басып, жайылған су шеткері көшелердегі тұрғын үйлерге де жетпек. Мамандардың болжамынша, тасқын судың салдарынан Прибрежное елді мекеніне апаратын жол үзілмек.

Бұған дейін синоптиктер Петропавлдағы Есіл өзені суының көктемдегі қауіпті деңгейін айтып, ескерту жариялаған еді.