Петропавлда 15 жастағы жасөспірім волонтерлер қатарына қосылып, көпке үлгі болып жүр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдың 15 жасар тұрғыны Тамир Райымбеков су тасқыны басталғалы бері дамыл таппай, волонтерлердің қатарында жүр. Жасөспірімнің еңбегі еленіп, жақында өңірдің ең жас еріктісі атанды, марапатқа ие болды.

Тамир Райымбеков Петропавлдағы №13 мектептің 9 сыныбында оқиды. Волонтерлікке ойда-жоқта келген.
«Жеңгем «Ассамблея жастары» жастар ұйымының белсендісі. Бірде ол қаладағы жалғызілікті әжейге көмектесіп, ауласын қардан тазартатын болды. Мен бірге бардым, бірнеше адам әп-сәтте ауланы тазалап шықтық. Маған бұл жұмыс ұнады. Кейін жеңгемнен әжейге көмектесіп жүрген кісілер кімдер, олар қай ұйымнан деп сұрадым. Осылайша волонтерлердің қатарына қабылдандым», - дейді Тамир Райымбеков.
Кейін жасөспірім тағы бірнеше мәрте қарттарға көмектесуге барды, жануарларды құтқару операциясына да қатысады.

Ал Петропавлда су тасқыны басталғанда Тамир басқа волонтерлермен бірге бөгеттерді нығайтуға көмектесті, гуманитарлық көмек әкелген көліктерден жүктерді түсірді. Қай жерде көмек керек болды – ауыр жұмыстан қорықпайтын жасөспірім сол жерден табылды.

«Алғашқы күндері қиын болды. Қаптарды құм-балшыққа толтырдық, кейін оны тасыдық. Тұрғындарды эвакуациялауға көмектестім. Жұмыс ауыр болғанымен, үйлер суға кетіп жатқанда үйде жата алмадым. Су тасқыны аяқталғанымен, енді оның салдарымен күресу керек. Сондықтан да сенбіліктерге шығып, қаланы тазартуға ат салысып жатырмын», - дейді жасөспірім.
Тамирге қоғамдық жұмыс сабағын жақсы оқуға кедергі келтірмейді. Мектепті аяқтағасын, болашағын «программист» мамандығымен байланыстырмақ.
«Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі 7 мамыр күні өңірдің ең жас белсенді волонтері ретінде Петропавл қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталды, бағалы сыйлықтарға ие болды.