Петропавлда 27 жастағы өрт сөндіруші қаза тапты (ФОТО)

Қайғылы оқиға 31 желтоқсан күні күндіз орын алған. Бензоқұрылыс ауданындағы жекеменшік үй өртенді. Төтенше жағдай орнында Петропавл қаласындағы № 5 өрт сөндіру бригадасы жұмыс істеген. Өрт сөндірушілер жалынға оранған үйде болған ер адамды құтқарды, бірақ, өкінішке қарай, тілсіз жаумен күрескен әріптесін құтқаруға үлгермеді. 27 жастағы Алтынбек Әбдірахманов қызметтік міндеттерін орындау кезінде опат болды. Аға лейтенант аталған өрт сөндіру бөлімінің командирі қызметін атқарған.
«Өрт сөндіру кезінде қызметтік міндеттерін атқару барысында №5 өрт сөндіру бөлімінің командирі, азаматтық қорғаудың аға сержанты, 1988 жылғы Алтынбек Әбдірахманов қаза тапты. Оның өлімінің себебі - тұрғын үй жабынының опырылып құлауы», - деп ақпараттандырды СҚО ТЖ департаментінің «Өрт сөндіру қызметі және апаттық-құтқару жұмыстары» ММ-нің күш және құрылымдар жедел басқармасы орталығының бастығы Жанат Смағұлов.
Алтынбек ТЖ департаментінде 6 жыл жұмыс істеген. Әріптестері оны өз ісінің шебері болған деп еске алады. Өрт сөндіруші қызметкердің артында кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы қалды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, төтенше жағдайдың орын алуына өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы себеп болған. Тергеу амалдары жүргізілуде.