Петропавлда 50 шақты тұрғын эвакуациядан бас тартты

су қоймасы
Фото: AMANAT партиясы СҚО филиалы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл маңында Есіл өзенінің суы көтеріліп келеді. Соңғы мәлімет бойынша арнасынан шығуына жарты метрдей ғана қалған. Қауіптің жақындағанына қарамастан, тұрғындардың кейбірі үйлерін тастап көшуге қарсы.

Петропавлдың шеткі ауданында орналасқан Заречный кенті — тасыған өзен суы жайылатын қауіпті аумақта тұр.

Бірнеше күннен бері мұнда тұрғындар қауіпсіз жерге шығарылып жатыр. Қазір бұл аймақты полиция мен құтқару қызметі қызметкерлері кезекшілік етуде.

Олар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, ал үйлерінен кеткісі келмейтіндермен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

су тасқыны
Фото: AMANAT партиясы СҚО филиалы

AMANAT партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін Мәжіліс депутаттары да басын қауіпке тігіп, көшуден бас тартқан үй иелерімен жүздесті. 

Қазіргі таңда 47 тұрғын эвакуациядан бас тартып отыр. 

Сондай-ақ, мұндағы 50 үйдің иесі әлі табылған жоқ. Жалпы Заречный ауылында барлығы 900 адам тұрады.

су қоймасы
Фото: AMANAT партиясы СҚО филиалы

«Біз сіздер үшін алаңдап отырмыз. Ең бастысы — адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту. Мүліктеріңізге ешкім тиіспейді. Ол жағынан уайымдаудың қажеті жоқ. Мұнда тәулік бойы полиция қызметкерлері, құтқарушылар кезекшілік етеді. Ауыл қоршалған, бейтаныс адамдар кірмейді», — деді Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек.

су тасқыны
Фото: AMANAT партиясы СҚО филиалы

Бұл күні депутаттар Петропавл су торабындағы жағдаймен де танысып, Ойқала және Былғары зауыты кентіндегі бөгетке барып, эвакуациялық пунктте тұрып жатқан адамдармен әңгімелесті. 

Қазір Петропавл су қоймасының су деңгейі жарты метрге көтерілген. Бүгінде қызыл су Петропавлға жоғары жылдамдықпен келе жатыр.

Бұған дейін су тасқынына байланысты 7 мектеп оқушыларының қашықтан оқып жатқанын айтқан едік.  

жағалауды нығайту
Фото: AMANAT партиясы СҚО филиалы

 

Соңғы жаңалықтар