Петропавлда 500 литрге жуық лицензиясы жоқ алкоголь тәркіленді

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы № 4 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторлары Украин көшесінің бойындағы дүкеннің бірінен тиісті рұқсатсыз алкоголь өнімін сату фактісін анықтаған. Сауда орнынан 453 литр лицензиясы жоқ алкоголь өнімі алынды, оның басым бөлігі – сыра. Аталған факті бойынша дүкен иесіне қатысты «Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi жүзеге асыру» бабы бойынша материал жиналды.
Алкоголь өнімін сату қағидаларын бұзу деректері Интернационал мен Воровской көшесіндегі дүкендерде анықталды. Екі фактіге қатысты «ҚР этил спирті мен алкоголь өнімін өндіруді және оның айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасын бұзу» бабы бойынша хаттама толтырылды.
«Қылмыс, құқық бұзушылық, жол-көлік оқиғалары, оқыс оқиғалар – мұның басым бөлігі алкогольдік мас күйде жасалады. Құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізгі шараларының бірі – құрамындағы спирт бар өнімдер айналымын қатаң бақылауға алу. Жалпы жыл басынан Петропавлда заңсыз айналымнан құрамында спирт бар 4 360 литр өнім алынды», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әлібек Ғабдулин.
Жыл басынан заңсыз кәсіпкерлік қызметі үшін ҚР ӘҚБтК 463-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа 34 құқық бұзушы тартылды. Алкоголь өнімін өткізу жөніндегі заңнама талаптарын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 200-бабы бойынша 22 адам жазаланған.