Петропавлда алғашқы «Жайлы мектеп» қолданысқа берілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы мектеп ашылды. Білім ордасында төрт шағын ауданның, соның ішінде көктемде үйлері суға кеткен тұрғындардың балалары білім алады.

Петропавлда жайлы мектеп ашылды
Фото: Қуанар Абдрахманов

Петропавлда пайдалануға берілген алғашқы «Жайлы мектеп» «Орман» шағын ауданында орналасқан. Бұл мектепте «Бірлік», «Орман», «Юбилейный» және «Солнечный» шағын аудандарының балалары оқиды. 

Петропавлда жайлы мектеп ашылды
Фото: Қуанар Абдрахманов

Мектеп екі блоктан тұрады. Біріншісінде бастауыш сынып оқушылары оқиды, екіншісінде орта буын мен жоғары сынып оқушылары білім алады. Олардың ғимаратқа кіру есігі бөлек. Бастауыш сыныптарының, сондай-ақ өз дене шынықтыру залы, лингвистика кабинеті, музыка, робототехника, информатика кабинеттері бар. Асханаға да бөлек есіктен кіреді, яғни, ыңғайлы, қауіпсіз етіп салынған. 

Петропавлда жайлы мектеп ашылды
Фото: Қуанар Абдрахманов

«Мектепте 50 кабинет болса, соның 30-ы — пәндік, үш шеберхана, екі спорт залы бар. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де жағдай жасалған, арнайы жолдар, лифт бар, акт залында көтергіш қарастырылған.  Мектеп 600 балаға шақталған. Қазір 315 оқушы оқып жатыр. Соның 103-і — № 16 мектептен ауысып келіп жатыр. 100-ден астам оқушы „Бірлік“ шағын ауданынан келіп оқиды, қалғандары Петропавлдың басқа мектептерінен ауысып келді. Үш 1-сыныбымыз бар, жалпы барлығы — 18 сынып», — дейді мектептің директоры Гүлжан Жақанова.

Мектептің құрылысына 5 млрд 600 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды. 

«Ұлттық жоба аясында салынған білім ордасының құрылысы үнемі назарда болды, балаларымызға жайлы болуы үшін, тиісті білім алуына, жан-жақты дамуына мұнда барлық жағдай жасалған. Барлық сыныптар соңғы үлгідегі оқу құралдарымен жабдықталды. Бұл мектептен болашақта өңір, еліміз мақтан тұтатын білімді мамандар шығады деп сенемін.  Осы білім ордасын салып шыққан мердігер ұйымға алғысымды білдіремін», — деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.

Сондай-ақ мектепте көптеген үйірме-секциялар жұмыс істейді.

Петропавлда жайлы мектеп ашылды
Фото: Қуанар Абдрахманов

«Бұл — үй мәдениеті кабинеті. Әр ер адам білуі тиіс машықтар — ара-балға ұстай білуге, шеге қағуға да үйретеміз. Кабинет қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылды», — көркем еңбек мұғалімі Бегалы Сәткенов. 

Петропавлда жайлы мектеп ашылды
Фото: Қуанар Абдрахманов
Петропавлда жайлы мектеп ашылды
Фото: Қуанар Абдрахманов

Жалпы СҚО-да «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4 мектеп салу жоспарланған. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, оның екеуі биыл, қалғаны келесі жылы пайдалануға берілмек. 

Бұған дейін СҚО-да жол-көлік апатында бір жасқа толмаған нәресте мерт болғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар